Алматы облысында мемлекет қаржысын жымқырған кәсіпкер сотталды

Алматы облысында құрылыс компаниясының басшысы 2 мектепті жөндеу кезінде аса ірі мөлшерде мүлікті жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, 2020 жылы Кербұлақ ауданының, білім бөлімі мен «ПМК-7К» мекемесі арасында 855 млн теңгеге шарт жасалады. Келісім бойынша Сарыбастау және Қарағаш ауылдарындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілуі керек еді. Алайда компания басшысы жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстарды толық орындамай, жалған актілер жасайды. Осылайша, мекеме шотына 60 млн теңгеге жуық қаражат заңсыз аударылды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде ЖШС-ның есеп айырысу шотына 57,5 млн теңге сомасында ақша қаражаты заңсыз аударылды. Тергеу нәтижесінде оған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, айыптау үкімі шықты. Сонымен қатар сотталушымен мемлекетке келтірілген  57,5 млн теңге сомасындағы залал толығымен өтелген.