Қостанай облысындағы орманда бейнекамералар орнатылды. LIVE

Қостанай облысында орманшылар құрамы 400 адамға көбейді.

Өрт сөндіру көліктері алынып, материалдық-техникалық база жаңартылып жатыр. Одан бөлек орман алқабын күні-түні бақылайтын бейнекамералар орнатылды.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Жалпы ресми мәлімет бойынша, Қостанай облысында орман шаруашылығы шамамен 475 мың гектарды алып жатыр. Шамамен деп отырғанымыз түсінікті шығар. Былтырғы алапат өртті 39 мың гектар жасыл желек жанып кеткендігінен жұрт хабардар. Енді сол өзі селдіреп қалған орманды қазір өрттен сақтаудың қам-қарекеті жасалып жатыр.

Соның бір амалы ретінде орманды алқаптың әр тұсына бейнекамералар орнатылған. Бүгінгі күнге дейін биік мұнаралардың басына облыс бойынша 38 бейнежазба құралы қойылған. Бір бейнекамера 20 шақырым аумақты қамтиды дейді. Олардың бәрі диспетчерлік пунктпен тікелей байланыста. Сол жерден камераның көзі жеткен аумақты бақылап, қарап отырады. Ал енді бейнекамераның техникалық сипаттамасы, мүмкіндігі туралы диспетчерлік пункт басындағы мамандардан сұрап білген едік.

Болат Сырғабаев, өрт сөндіру бөлімінің басшысы:

- Өрт болған кезде мониторингте қызыл нүкте болады. Сонда біліп отырамыз нақты қай жерде өрт болып жатқандығын. Енді мынау камера 360 градусқа айналып тұрады. Орман ағаштарын бәрін көріп,шөп қай жерде жанып жатыр, бәрін соны көріп отырамыз. Бұл жақсы болды бізге.

Осы бейнекамераларды сатып алып, орнатуға 160 миллион тенгеден астам қаржы жұмсалыпты. Әзірге жаңа құрылғылар сынақ режиімінде жұмыс тұр. Кем-кетік тұстары да болмай жатқан жоқ.

Айта кетелік, соңғы 2-3 айда ғана облыста 26 орман өрті тіркелген. Барлығы 291 гектар алқап жанып кеткен. Енді осы бейнекамералар дұрыс жұмыс істеп кетсе, тілсіз жаудың алдын алуға сеп болар деген үміт зор, – дейді мамандар.