СҚО-да қайтарымсыз грант алып кәсіп ашқандар қатары артты

Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз ісін ашқандар қатары артты.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында биыл өңірде 300 адамға қаржылай қолдау көрсетіледі.

Петропавл қаласының тұрғыны Евгения Исаева екі баланың анасы. Тұңғышының мүгедектілігі бар. Сондықтан мемлекеттік қолдауға иек артуды жөн санапты. Бизнес-жоспарын сәтті қорғап, жуырда интерьерлік бұйымдар жасайтын шеберхана ашты. Енді жастарды шығармашылыққа баулып жүр.

Евгения Исаева, қала тұрғыны:

- Қазір балалардың көбі гаджетке тәуелді болып барады. Бұл әрине дұрыс емес. Оларды жас кезінен еңбекке баулу қажет. Осы қағиданы ұстанып, шеберхана аштым. Гипстен тың дүниелерді жасаймыз. Ол экологиялық таза өнім. Адамға ешқандай зияны жоқ. Сондай-ақ бұл баланың ұсақ моторикасын дамытады. Енді алдағы уақытта екі адамды қасымша жұмысқа алуды жоспарлап отырмын.

2021-2025 жылдарға арналған  кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өңірде 300 адамға қаржылай қолдау көрсетіледі. Олардың қатарында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, асыраушысынан айрылғандар және тұрмысы төмен отбасылар бар.

Гүлнәр Шәймерденова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының м.а:

- Біздің өңір бойынша биыл қайтарымсыз грантқа 400 миллионнан астам теңге қарастырылған. Қазір бұл соманың 60 пайызы игерілді. Мысалы 52 көпбалалы ана өз ісін дөңгелетіп отыр. Қоныс аударушылар мен қандастарымыз бар. Жобалардың көбі ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету саласында жүзеге асып жатыр.

Аталған жобаға Ғабит Мүсірепов, Қызылжар  ауданы мен Петропавл қаласының тұрғындары қызығушылық танытып жатыр. Ал өз ісін ашқандар кәсіптен нәсіп тауып отыр. Осылайша мемлекеттік қолдаудың арқасында бұрын жұмыс іздеген жандар жұмыс беруші боп шыға келді.   

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков