Қостанай облысындағы Ершов ауылы судан таршылық көріп отыр

Қостанай облысының Ершов ауылы екі жыл бұрын орталықтандырылған су желісіне қосылуы керек еді.

Бірақ жеке үйлерге құбыр тартылғанымен су жеткен жоқ. Ауқымды жобаның жүзеге асу мерзімі неге кешікті?

- Тот раз не знаю ваше вина или не ваше, мы без воды остались Не хватило наверно.

Бақытжан апа көлік жүргізушісіне соңғы келгенінде су жетпей қалғандығын айтып, бұл жолы қалыс қалдырмауын сұрап, өтінішін білдіріп жатыр. Тағы да құр қаламын ба деп қорқады.  Тасымал суға қараған күнің осы –деп налиды қейуана. Осыдан үш жыл бұрын ауылға құбыр тартыла бастағанда мұндағы жұрт қалай қуанды. Қазір сол көңілдері суып, сенімдері жоғала бастағандай.   

Бақытжан Ағытаева, Ершов ауылының тұрғыны:

- Былтыр міне суды өткіземіз деп қазды, трубаны үйге өткізді.

- Сіз қанша төледіңіз су өткізуге?

 - Где то 90 мыңға жақын.

- Бірақ суды ішке кіргізген жоқ? 

- Жоқ вообще ешкімге де әкелген жоқ. Только трубаларды қойды, и все.

Ершов ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға бюджеттен  2019 жылы 1 млрд 224 миллион тенге бөлінген. Аудан басшыларының айтуынша тендерді ұтып алған кәсіпорын жұмысты суб мердігерге жүктеген. Кейін екеуінің арасында қаржыға байланысты кикілжің туып, субмердігер бәрін тастап тайып тұрған.

Серік Ахметов, ауыл тұрғыны:

- Подрядчиктер ақшаны қайда жібергендерін білмейді. Түсінбейсің, қалай? Біреуге ақша береді. Подрячиктер оны субподрчиктер алды дейді. Соның зардабын қарапайым халық тартып отыр.  

Мойнына алған міндетін уақытында және толық орындамаған мердігерді аудандық әкімдіктің шағымымен сот жауапсыз деп таныды. Одан кейін қайта тендер жариялағанша, арада бір жыл өткен. Қазір нысанда басқа мердігер жұмыс істеп жатыр. 4,5 шақырым магистралды желі,  ауыл ішіне 25 шақырым тарату құбыры тартылған. Орталық желіге 200-ден астам абонент қосылыпты. 

Владимир Шерстюков, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы: 

- Мердігер кәсіпорынмен, тұрғындармен апта сайын кездесу өткіземіз. Жұмыс барысы жіті бақылауда. Жоспар бойынша нысан 31 желтоқсанда пайдалануға берілуі тиіс. Алайда мердігер жұмысты шілде, тамызда аяқтаймыз деп отыр.

Қазір жоба бойынша соңғы нысан - суды ауылға тарататын сорғы станциясының құрлысы жүріп жатыр. Жалпы Ұзынкөл ауданындағы 32 ауылдың жартысы сапалы ауызсумен қамтылған. Биыл олардың қатары  Ершовты қосқанда тағы 6 елді-мекенге артуы тиіс.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг