Кейінгі 3 жылда жол-көлік оқиғасы 9%-ке өсті

Елімізде шетелдік көліктерді әкелумен және есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзге елдерден кірген автокөліктердің дені заңсыз тасымалданды. Ретсіз әкелінген шетелдік көліктердің салдары жолдағы жағдайды ушықтырып жіберді. Олар тіркеусіз жүрді. Мұндай темір тұлпарды тізгіндегендер жол жүру ережесін өрескел бұзып, көбі жазасыз қалды. Кейінгі 3 жылда жол-көлік оқиғасы 9%-ке өскен. Салдарынан 6,5 мыңнан астам адам қаза тапты. Мемлекет басшысы жиын барысында бұл мәселеге де ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімі осындай көліктердің елге жаппай әкелінуіне себепші болды. Енді жіберілген олқылықтарды түзеуге мәжбүр болып отырмыз. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Енді құқық қорғау органдары осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуы керек.