Батыста «бағы тайған» дендробақ бар

Еліміздегі екі дендробақтың бірі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында орналасқан.

Бұл бақ 1950 жылы қуаңшылық аймақта терек қалай өсетінін зерттеу мақсатында Сталинның бұйрығымен ашылды. Алайда күні бүгін академиялық бақта ғылыми жұмыстар жүргізілмей, тарихы терең табиғи ландшафт қараусыз қалды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз қазір Жәнібектегі академиялық бақтың дәл жүрегі саналатын дендрарийде тұрмыз. Осыдан 73 жыл бұрын аумағы 6 гектар жерге әлемнің әр түкпірінен, атап айтқанда Солтүстік Америкадан, Латын Америкасынан,  Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядан 211 ағаш түрін әкеліп еккен. Күні бүгін соның 48-і аман сақталған. 

Жәнібек стационарының жалпы аумағы мың жарым гектар. Шекараны шегендеу кезінде 700 гектары көрші елде қалыпты. Ол жақта баққа федералдық маңыздағы табиғи ескерткіш мәртебесі беріліп, арнайы мекеме құрылған. Ғалымдар ізденеді. Ал Жәнібек жағында тек бір орманшы ғана.

Ербол Қазимов, орманшы:

- Қолымнан  келгеннің бәрін жасауға тырысам. Бірақ дегенмен тағы адам саны болса, техника болса, жұмыстар жүргізуге болады деп ойлаймын. Баққа өрт қаупі төніп тұр.  Жазғы уақыттарда өрт шығып кетуі мүмкін. Жайылымдардан, шабындық жерлерден. Сосын бізде жел тұрады, қатты жел тұрады. Сонда өрт қатты кеп қалып, өртеп жіберуі мүмкін. 

Күні бүгін Орда орманы мекемесі жергілікті колледжбен келісіп, бақты айнала жыртқан. Бірақ ол жеткіліксіз. Осы жерде тәлімбақ құрылса, ғылыми зерттеулер негізінде анықталған жергілікті климатқа төзімді ағаш көшеттері өсірілсе дейді аудан басшылығы. 

Жақсылық Абдолов, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:

- Нақты ұсыныс штат санын көбейту керек. Себебі орманшыға қосымша адамдар керек. Екінші басында жұмыс жасау үшін техника керек. Сосын мынаның ішінде көп қураған ағаштар бар. Құрғақ ағаштар қурап қалған. Соның бәрін кесіп шығарып, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Біз қазір сенбілікпен жүргізіп жатырмыз. Ол жеткіліксіз.

Күні бүгін облыстық табиғи ресурстар басқармасы Жәнібектегі баққа 4 қосымша штат ашып, трактор мен соқа, өзге де қажетті құралдар алу жөнінде 76 миллион теңгеге бюджеттік өтінім беріпті. Ал бақта ғылыми жұмыстар жүргізу  ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырында деп отыр. 

Ернияз Майхарин, БҚО Табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:

- Стационардың негізгі мақсаты осы өңірде құрғақ дала зонасы дейді, сол кезде өспейтін басқа ағаштарды әкеліп бейімдеуге, сол бойынша кешенді жұмыс жүргізу керек. Орман шаруашылығында ондай мүмкіндік жоқ. Тек күтім жұмыстарын жүргізе алады, қорғау жұмыстарын жүргізеді. 2014 жылы бұл сұрақ көтерілді.  Соны енді тағы да біздер хат жолдап  жатырмыз. Ғылым және жоғары білім министрлігіне сол жұмыстарды жалғастыруға. 

Облыс аумағының 0,6%, яғни 89 мың гектары ғана орманмен көмкерілген. Ол да теріскей бетте. Ал оңтүстік аудандарда ағаш мүлдем аз. Өйткені арнайы суармаса жауыны аз жерде жасыл желектің өздігінен тамыр тартып кетуі неғайбіл. Кезінде Жәнібек стационарлық бағын егудегі басты мақсат та шөлейт аймақта ағаштардың қалай өсетінін сынау болатын. Осы 70 жылда бақта 800-дей ғылыми еңбек жазылыпты. Осы зерттеулерді жүйелеп, ел игілігіне жаратса дейді мамандар. 

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов