Р. Скляр Қарағанды облысындағы маңызды нысандардың жұмысымен танысты

Балқаш қаласы алдағы қыстан қысылмай шығу үшін жылыту маусымына тас түйін дайын болуы тиіс.

Қазір қаладағы ескі қазандықтарды жөндеумен бірге жаңа жылу электр орталығының құрылысы да қызу жүріп жатыр. Әрине, бұл істен жылу желілері мен автокөлік жолдарын жөндеу ісі де шет қалмайды.

Осы өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуі тиіс маңызды нысандардың жұмысымен танысты.

«Іргетасы 1937 жылы қаланған Балқаштағы жылу электр орталығығы елдегі ең көне нысандардың бірі. Рас, қазір көп нәрсе өзгерді, жаңарды. Олай болмаған күнде қыстан қысылмай шығу мүмкін емес»,- дейді сала мамандары.

Олег Исаков, Балқаш ЖЭО бас инженерінің міндетін атқарушы:

- Әрине, бәрі сол 1937 жылғы қондырғылар болса, ол әрине жиі істен шығар еді. Егер қажетті жабдықтарды жиі жаңартып, қондырғыларды күтіп ұстасаң қыстан аман-есен шығудың кепілі сол болмақ.

«Жылу орталығындағы 4 қазандық қаланы түгел қамтуға жеткіліксіз. Сол себепті қазір жаңа бесінші қазандықтың құрылысы басталған. Ол салынып біткенше, ескі қондырғылар да жылыту маусымына дайын болуы тиіс», - деді нысанмен танысқан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр. Қазір орталықтағы 2 қазандық пен 2 турбина жөнделіп жатыр.

Темірлан Өтегенов, Энергетика компаниясының бас директоры:

- Биыл қосалқы бөлшектер 68 процентке қымбаттады. Былтырғымен салыстырғанда құбыр, қозғалтқыш пен сорғылардың бағасы аспандап кетті.

Биыл жылу электр орталығын жөндеуге 4 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалады. Қаржыландыру мыс корпорациясының инвестициясы есебінен жүзеге аспақ. Кәсіпорынның шығыны шаш етектен. Айта кету керек, дәл қазір елдегі жылу энергиясына қатысты ең төмен тариф осы Балқаш қаласында.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа бағдарламасы бойынша белсенді жұмыс жүргізу керек. Министрлік тарапынан тиісті тапсырма берілді. Қазір әкімдік осы тарифті инвестицияға айырбастау  бағдарламасы мәселесімен айналысып жатыр.

Жылуды барынша үнемдеу мақсатында Балқаштағы барлық инженерлік желілерді жаңғырту қолға алынған. Екі бірдей магистральді жылу құбыры мен қала ішіндегі су жүретін құбырлар түгел ауыстырылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды келер жылы аяқтау көзделген.

Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:

- Биыл ұзындығы 30 шақырым болатын су құбырын жаңартамыз. Қазір бұл іске  3 бірдей жұмыс тобы жұмылдырылды. Мейрам күндерінен кейін қосымша тағы 2 жасақты осы іске тартамыз. Мысалы, мына көшеде диаметрі 160 милиметр болатын құбырды толығымен ауыстырдық. Жалпы, қазір бұл бағыттағы жұмыстардың тең жартысын бітірдік деп сеніммен айта аламын.

Роман Скляр сонымен қатар «Қарағанды-Балқаш» автожолының учаскесін жаңарту барысымен де танысты. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар 71 процентке орындалған. Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 363 шақырым жол төсемі жөнделмек.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Юлана Чаус, Сайран Ақамбаев