Арқалықтағы тұрғын үйлердің 95% тозған

Арқалықтағы көпқабатты тұрғын үйлердің біразын жөндеу керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарты ғасыр бұрын салынған баспаналар әбден ескірген. Кейбірінің бетон қабырғасы сөгіліп, төбе жабындылары жұқарып, тесіліп қалған. Оны қаптап, жөндеуге тұрғындардың шамасы жетпейді. Бюджетте де қаржы қаралмаған. Мәселе қалай шешілмек?

Мынау – Қайырбеков көшесіндегі 80-ші үй. Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған, содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Панельді қабырғалардың арасы ажырап, сөгітіле бастаған. Төменгі жағында пайда болған қуыстарды тұрғындар өздері сылап қойыпты. Кей тұстарын мата, мақтамен бітеген. Бірақ одан қайыр жоқ. Қысы-жазы жел гулеп тұрады дейді. 

Қанат Әлімбаев, қала тұрғыны:

- Негізгі проблема, бұл үй өте жұқа, 30 см, өте жұқа болғандықтан, бірінші  салқын. Екіншіден, «шовтары» кеткен. Қыста өте салқын. Менің өз 2 балам 3 және 4 жаста. Біз әрбір айда «больничный» ашамыз.

Қабырға сыртымен жүргізілген электр сымдары да көзге қораштау көрінеді. Қалай болса солай оралған, кей тұстары қол жетерліктей жерде салбырап тұр.  

Кенжеғали Сапанұлы, қала тұрғыны:

- Мынау тоқтың сымы мен өзім 2006 жылы көшіп келгем осы домға. Сонда істелген. 380 вольт бар дейді. Оны енді білмейміз. Енді осы түрін қараңдарсайшы тоқтың. Анау үстін қараңыз. Жаңбыр жауған сайын бала-шағадан қорқып боласың. Кім біледі енді. Әлде біреудің өлгенін күтіп жүр ме? Түсінбейміз осыны.

Осы үймен қатарлас тұрған 70-ші үйдің сырты бір қарағанда тәп-тәуір.  Былтыр ақталып, сырланыпты. Бірақ төбесі жөнделмеген. Жаңбыр жауса, жоғарғы қабаттан су кетіп, жұртты әбігерге салады.

Мария Жұмағалиева, қала тұрғыны:

-Мінеки, биылғы жылы көктем кезінде, осы жақында жаңбырда мына жердің бәріне түгел ақты. Мына жерде, міне, тоқтың сымы өзіміз түнде үзіп үлгірдік, түнде өртеніп кете жаздадық. Мінеки, мынау ваннаның ішін жылда жөндейміз. Жылдағы тапқан-таянғанымыз осы жөндеуге кетіп жатыр.

Әкімдіктегілер бұл проблемалардан хабардар. Алайда олар да шарасыз.  Тұрғындарға мемлекеттен қайтарымды қаржы алуды ұсынған. Бірақ олар бас тартыпты. Өйткені айына 80-90 мың төлеп тұратын жағдайымыз жоқ дейді. Сондықтан бюджеттен там-тұмдап бөлінетін қаржымен амалдауға тура келеді.   

Жандос Мұхамбетжанов, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қайырбеков 76, 80-ші үйлерге алдағы 5-і күні конкурс ашылады. Мердігер анықталған жағдайда сол үйдің сырты жөнделетін болады. Яғни, «шовтары» пеналанады. Сосын сыланады. Сырты боялады. 80-ші үй 90 миллионға шығып тұр, сыртын толық қаптауға. Енді ондай бюджетте ақша жоқ.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Арқалық қаласында барлығы 133 көп қабатты тұрғын үй бар екен. Бүгінде соның 95%-і ескірген, тозып тұр. Оның бәрін жөндеу шығуға мамандардың есебінше, 11 миллиард тенге қаржы қажет. Биыл 300 миллион тенге бөлінген. Жыл сайын осынша  қаржы бөлінеді десек, Арқалық қаласындағы тұрғын үйлерді жөндеп шығуға шамамен 20 жылдай қажет екен.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.