Ұлытау облысында құс етін өңдейтін кәсіпорын іске қосылады

Ұлытау облысында әлеуметтік маңызға ие 19 түрлі азық-түліктің үшеуі ғана өндіріледі.

Өзгесі сырттан жеткізілетіндіктен - қымбат. Облысты дамытудың бесжылдық бағдарламасында азық-түлік өндірісіне арналған 10-ға тарта жоба бар. Оның алды тамыз айында іске қосылады. Жылына мың тоннадан астам құс етін шығаратын фабрикада дайындық қызу жүріп жатыр.

Тіршілігі тек өндіріске тәуелді өңір жеке облыс болғалы қымбатшылықты жете сезіне бастады.  Өзге өңірлермен жалғайтын жол нашар күйде болғандықтан тауар бағасы да тұрақсыз. Мысалы, құс етінің құны көршілес Қарағанды, Қызылорда облыстарымен салыстырғанда анағұрлым қымбат. 1-ші санатты жұмыртқа бағасында 200 теңгеге дейін айырмашылық бар.

Қайрат Мұтаев, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Логистика қиын. Құс фабрикасы бар Қызылорда облысынан 400, Қарағандыдан 500 шақырым қашықта орналасқанбыз. Осының бәрі тауар бағасына әсер етеді. Өзге облыстармен салыстырғанда біздегі баға әлдеқайда қымбат.

Экономиканы әртараптандыру, өндіріске тәуелділіктен біртіндеп арылу. Облыстың кешенді жоспарында осы мәселеге маңыз берілген. Бірінші қажеттіліктегі азық-түліктің барлығын болмаса да, тең жарымын жергілікті жерде өндіру. Осы мақсатта қолға алынған алғашқы ірі жобалардың бірі – жеке инвестицияға салынып жатқан құс фабрикасы. 

Ринат Ахтямов, кәсіпкер:

- Бұл шаруашылықта жылына 1 мың тонна құс еті өндірілетін болады. Облыс бойынша сұраныс 3,5 мың тоннаны құрайды. Яғни, біз ол сұраныстың жартысына жуығын қамти аламыз. Әрине ол осындағы құс етінің бағасының арзандауына да сеп болады деп ойлаймын.

Аталған жоба мемлекеттен 400 млн теңге көлемінде қолдау алған. Іске қосылған соң өндірілген құс етінің әр келісіне 50 теңгеден субсидия алады. Қазір шет елден жеткізілген құрал-жабдықтар толығымен орнатылды. Шаруашылық тамыз айында іске қосылады.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

- Заманауи қазіргі талапқа сай жақсы фабрика болады. Халықтың сұранысына орай «Халал» сертификатын аламын деп жатыр. қазір сол жұмыстардың жүруіне біз тікелей осы өңірден сайланған депутаттар ретінде жеке кәсіпкерге көмек көрсетуге дайынбыз.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Бұл жерде құс етінен бөлек жұмыртқа өндірісі де жолға қойылған. Ол шаруашылық жылдың аяғына қарай іске қосылады. Жылына 25 млн жұмыртқа өндіретін кәсіпорын облыс сұранысын 35 пайызға қамтамасыз ететін болады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева