Шымкентте 9 мыңнан аса абонент газдан ажыратылды

Шымкентте құрылысқа жауапты мердігер мекеменің салғырттығынан тоғыз мыңнан аса абонент газдан ажыратылды.

Мамандар қазба жұмыстары кезінде қалаға газ жеткізетін диаметрі 200-дік құбырды тесіп алған. Апат салдарынан Астана даңғылы бойындағы 90 көпқабатты үй мен 20 коммерциялық нысанға газ беру тоқтатылды. Жауапты компания ақауды реттеп, құбырды ауыстыру үшін 4 техника мен 28 адамды жұмылдырды. Жоспар бойынша абонеттерді газға қосу ертең кешке дейін созылады.

Айбек Ерғали, газ жеткізуші компания филиалы басшысының бірінші орынбасары:

- Құрылыс басқармасына қарасты заказчик дейміз ғой мердігер компаниясы кабель тарта отырып, жер асты 200-дік полиэтиленді тесіп алған. Жоспарымыз бойынша кешкі сағат 19:00-ге дейін құрал-саймандар жетсе апаттық жағдайды қайтадан реттеп, халыққа газ беру жұмыстарын бастаймыз. Бірақ оны қайта қосу ертеңгі кешкі сағат 17:00-ге дейін бітіреміз деген жоспарымыз бар.