Ұлытау облысындағы Теректі ауылының оқушылары біраз жылдан бері мәдениет үйінде оқып келеді

Теректі ауылының оқушылары біраз жылдан бері мәдениет үйінде жасақталған тар кабинетте оқып келеді.

Бұл Ұлытау облысындағы ауыл. Өзі Жезқазғанның іргесінде тұр. 

Бұрыңғы мектеп ғимараты апатты жағдайда жұмысын тоқтатқан екен. Ал жаңадан салына бастаған мектептің құрылысы 3 жылдан бері аяқталмай, созбақтаумен келеді. 

Жезқазғаннан 70 шақырымда орналасқан Теректі ауылында 400-ге жуық тұрғын бар. Мектеп жасындағы оқушы саны 60-тан асады. Ескі мектеп қирағалы олар мәдениет үйіндегі аядай бөлмеде білім алады. Мұғалім Қарлыға Шамбулова бала оқытуға еш мүмкіндік жоқтығын айтады. Себебі, аядай кабинетте оқу құралдарын орналастыратын да орын жоқ.

Қарлыға Шамбулова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Қиын, әрине! Жаңа мектеп жоқ. Ішінде компьютерлерімізді қоя алмаймыз. Көрнекіліктерімізді көрсете алмаймыз балаларға. Осы жаңа мектептің ашылуын күтудеміз әлі.

Көпшілік күткен мектептің құрылысы 3 жыл бұрын басталған. 80 оқушыға шақталған. Сметалық құны 762 млн теңге. Бүгінге дейін оның жартысынан астамы ғана игерілген. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер  жұмысын жөнді атқармағандықтан тапсырыс беруші тарап келісімді үзуге мәжбүр болған. Күні кеше сот шешімімен 2 айдың көлемінде кеткен кемшілікті жою міндеттелді. Одан әрі құрылысты екінші мердігер жалғастыратын болады. Бірақ оған қосымша қаражат қажет. Себебі, құрылыс материалдары қымбаттап кеткен көрінеді.

Жанболат Төребаев, Қарағанды облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір енді түзету енгізгенде, шамамен 400 млнға дейін қымбаттау қаупі бар. 2023 жылдың желтоқсан айының соңына дейін бітіреміз деген жоспарымыз бар.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгінгі таңда жетіспей жатқан қаражатты мейлінше республикалық бюджеттен, егер табылып жатса жергілікті атқарушы билік органдарының бюджетінен, болмаса сыбайлас жемқорлықпен қайтарылған қордағы бюджеті есебінен бұл мектепке жетіспей тұрған қаражатты беруіміз қажет.

Аталған жоба аяқталғанша Қарағанды облысының жауапкершілігінде болады. Сәйкесінше, жетпей тұрған қаржы да сол өңірдің қазынасынан бөлінеді. Депутаттар мен қоғам белсенділері алдында мердігерлер құрылысты осы жылдың соңына дейін аяқтауға уәде берді. Ауыл балалары оған дейін үйреніп қалған тар кабинеттерде оқи тұрады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева