Каспий жағалауында еліміздің шекара флоты кемелерінің шеруі өтті

Салтанатты шарада әртүрлі мақсаттағы 13 корабль жағажайға мейлінше жақын жүзіп өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрермен сондай-ақ жауынгерлік техника және қару-жарақ қойылған көрмені тамашалады. Әскери кемелер шеруі Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, теңіз бөлімшелерінің құрылуының 30 жылдығына арналды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Шекара флоты кемелерінің шеруі жағалаудан шамамен 3 шақырым жерде жүзіп барады. Әртүрлі атыс қаруымен жарақтанған алып корабльдер, теңіз жоғары жылдамдықпен жүйткитін катерлер, жауынгерлік вертолеттер көрерменге зор әсер қалдырды.

Әсем Ғаділше, қала тұрғыны:

- Кемелерді, тікұшақ барлығын жақыннан бірінші рет көруіміз. Өте керемет әсер алып жатырмыз. Биыл Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл екен. Мереке құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Көпшілік арнайы мақсаттағы жасақтың қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін тамашалады. Кинологиялық қызмет шекара бұзғандарды итпен құрықтау операциясын көрсетті. Бұдан соң дала сахнасының алдында шекара қызметінің құрлық және теңіз бөлімшелерінің сарбаздары мен матростары сап түзеді. Парадтық форма киген жастардың дені өзге өңірлерден әскер қатарына шақырылған.

Жасұлан Тойшыбек, матрос:

- Әскери қызметім 30 жылдық мерейтойға тұспа-тұс келіп тұр. Мен соған өте қуаныштымын. Алдағы уақытта әскери борышымды ойдағыдай атқарып, жас буынға үлгі боламын деген ойдамын.

Салтанатты шара көркін жағаға тым жақын жүзген шекара кемелері ашып тұрды. Тәуелсіздік жылдары шекара флоты 2 катермен құрылса, бүгінде жағалау күзеті дивизионында 40-тан аса корабль мен катер бар. Озық үлгідегі навигациялық құрал, қару-жарақпен жабдықталған әскери су көліктері күндіз және түнгі мезгілде жедел әрекет етеді. 

30 жылда теңіз шекарашылары 25 мыңнан аса шекара бұзушыларды қолға түсірді. 700-ге жуық браконьерлік қайық пен шағын су көліктерінің жолын кесті. Соның 45-ін шетелдік азаматтар тізгіндеген. 20 мыңнан аса шақырым аумаққа құруға жететін ау-құралы жиналып алынған. Тірі күйдегі 25 мың бекіре тұқымдас және 40 мың басқа да балық түрлері мен 1100 итбалық теңізге жіберілген. Осылайша, шекара флоты мемлекетке келетін ондаған млрд теңге шығынның бетін қайтарды.

Данияр Мальчубаев, ҚР ҰҚК ШҚ облыстық департаменті бастығының орынбасары:

- Биыл 6 айда шекара бұзған 53 адам ұсталды. 160 шақырымнан асатын ау-құралы жойылып, Қазақстанның қызыл кітабына енген 80-нен аса бекіре және 10 итбалық табиғи мекеніне жіберілді. Соңғы жылдары шекара флоты озық үлгідегі электро-радиолокациялық құралдармен жарақтанған кемелермен толығып жатыр. Өз кезегінде, теңізде бейсауат жүрген су көліктерінің тез табуға мүмкіндік берді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Маңғыстау облыстық департаментінің жеке құрамы жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын шекараны күзетеді. Соның 805 километрі теңіз арқылы өтеді.

Авторы: Талғат Исламұлы.