Елорданы газдандыру қарқыны баяу

«Елорданы газдандыру тым баяу жүріп жатыр».  

Көгілдір отынға қолы жетпеген тұрғындар осылай деп, арнамызға базынасын жеткізді. Бас қалада 20 мың жеке сектор бар. Соның 12 мыңына газ тартылған. Бірақ газ жағып отырған тұрғындардың да назы бітер емес.

- Бірінші келген жылы көмірдің иісінен қатты ауырдым. 5-6 ай жөтеліп, кәдімгідей тұншығып, аллергиясы болып, өліп кете жаздадым.

Асия Асанованың Үркер тұрғын үй алабына көшіп келгеніне бірнеше жыл болды. Әдепкіде газ келеді деген сүйінші хабарды естіп, жиған-тергеніне үй алған тұрғын көгілдір отынның ауылы алыстап кетті ме деп қауіптенеді. "Құрғақ уәде қажытты, әкімдік сөзден гөрі іске көшсе қош болар еді" дейді ол.

Асия Асанова, қала тұрғыны:

- Газ келеді дегелі бері жылда "келеді-келеді" дегенгше әлі алданып келе жатырмыз. Көмірді бәленбай мыңнан сатып аламыз. Кейде көмір болмай қалады. Біз келгенде 2022 жылы міне келейін деп жатыр деген еді, одан кейін 2023-те келеді деді. Келесі жылға хотя бы 2024-те болса.

Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, газдандыру жоспарға сай жүріп жатыр. Бұрын елордалықтар тұтынатын көмір көлемі 500 мың тонна болса, қазір 350 мың тоннаға дейін түсті. Негізгі аудандар 2025 жылы толығымен көгілдір отынға қосылады.

Мақсат Есмағұлов, Астана қаласы әкімдігі Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Қаланы түгелімен газовое кольцо деп айтады. Соның құрылысын аяқтауға жақын қалдық. Сонымен қатар, Есіл, Нұра және Байқоңыр ауданында орналасқан Фэмили Таун, Пригородний, Ильинка, Шұбар, Өндіріс және Кирпичный тұрғын алаптарына дейін негізгі газ құбырының құрылысы аяқталып, қазір оларды сынау жұмыстарын бастап кеттік. Былтыр азға қосылған абономенттің саны 2 мыңға таман болды жылдың басында. Жылдың соңында 8 жарым мың болды. Өте үлкен скачок болды.

Алайда көгілдір отынның қалың қарашаға қолжетімді болуы да үлкен сұрақ. Қазір 8 мыңнан аса үй газ жағып отыр. Бірақ сұйық отын есігінің алдына келсе де, оны кіргізе алмай отырғандар аз емес. Себебі қызмет құны қымбат. Орташа есеппен  1 млн теңге тұрады. Сапасы да тым төмен дейді тұрғындар.

Асыл Жарылқапова, қала тұрғыны:

- Бағасы өте қымбат. Содан кейін сапалы жұмыс істемейді. Шала-пұла істеп кетеді. Ответственность жоқ. Оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Газ жанып тұрса жылиды үй, бірақ газ таза болмағандықтан өшіп қалады. Мысалы, биыл газ өше берді, қыстай газтрансға жүгірумен болдым.

Ал "Қазтрансгаз" өкілдері газ құрамы таза деп ақталды. Олардың айтуынша, ақау заңсыз жұмыс істейтін мердігерлердің кесірінен болады.

Нұрболат Мерғалиев, "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Астана өндірістік филиалы ӨТБ бастығы:

- Бұл мәселенің негізгі себебі газ құбырларының күзет аймағындағы рұқсат етілмеген жұмыстар. Біздің қалада коммуналдық желілерді салумен айналысатын кей мердігер ұйымдар бізбен келіспей жұмыс істейді. Осының кесірінен газ құбырынан ақау шығуы мүмкін.

Оның үстіне 1 шілдеден бастап Энергетика министрлігі тауарлық газдың көтерме бағасын 12%-ке ұлғайту туралы шешім қабылдады. Демек, тұтынушыға жететін отын құны орташа 2 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Қысқасы, газдың айналасы назға толы. Бірі көгілдір отынға жете алмай отыр, енді бірі оның сапасына көңілі толмайды.

Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Серік Қоңырбаев