Ақмола облысындағы табиғи көркем жерлерде 14 лагерь жұмыс істеп тұр

Ақмола облысында жаз айларында 15 мың бала демалыс орындарында тынығады.

Аймақтағы табиғаты көркем жерлерде 14 лагерь жұмыс істеп тұр. Онда жергілікті оқушылармен қатар өзге өңірлерден келген балалар да демалады. Бұған қоса 70 мыңға жуық ақмолалық оқушы күндізгі лагерге барып жүр.

Саф ауа, дене шынықтыруға арналған көңілді ойындар, табиғат аясына саяхат. Щучинск қаласындағы «Жаншуақ» лагерінде демалушы балалардың әрбір күні қызықты. Олардың ішінде жазғы лагерге алғаш келгендер де бар. Мұнда әр бала өзінің көңілі қалаған тірлігімен айналысады. 

Жәмшит Наурызбаев, оқушы:

- Мен жазғы демалысымды былай қызықты өткізе аламын деп ойламаған екенмін. Әр күнім барлығы жаңа, жаңа адамдар, жаңа достар тауып жатырмын. Әр күні басқа жерлерге барып, осы Щучинск, Бурабай туралы өте көптеген заттарды көріп, өзіме жаңа шақтарды көріп жатырмын. Мен сурет салу жаңадан бастап жатырмын. Мен сурет салып көрген  емеспін. 

Зерендідегі мына демалыс үйі балаларды биыл алғаш рет қабылдап отыр. Ұйымдастырушылар бірқатар қызықты бағдарлама дайындаған. Қазір мұнда 200 оқушы тынығады. 

Омар Бекин, лагерьдің аға үйлестірушісі:

- Біздің ең басты қағидамыз – ол балалардың іштегі өнерін ашу. Біз осы қағиданы кешкі іс-шаралар арқылы жүзеге асырамыз. Және екінші – ол балаларды қоғамға бейімдету. Біз балалардан бірінші күннен бастап оныңшы күнге дейін толықтай телефондарын аламыз. Яғни біздің демалысымыз толықтай смартфонсыз, ұялы телефондарсыз өтеді. 

Биыл қала сыртындағы демалыс орындарына жол тартқан балалардың саны едәуір артып отыр. Оның ішінде екі жарым мың жолдама тегін таратылған.

Шоқан Оразалин, білім басқармасының басшысы:

- «Қазақстан халқына» қорынан 650 балаға тегін путевка берілген. Ол путевкалар әр райондарға бөлініп, осы балалар сырттағы сауықтыру лагерьлерінде тегін демалып жатыр. Және облысымыздың бюджетінен аз қамтылған балалардан, көпбалалы отбасырлға тегін путевкалар бар. Ол үшін жергілікті бюджеттен 85 миллионнан артық қаржы бөлініп отыр.

Қазір өңірдегі мектептердің жанынан оқушылардың жазғы демалысын өткізуге арналған 500-ге тарта күндізгі лагерь, үйірме, басқа да алаңдар жұмыс істеп тұр. Тағы 1700 оқушы өлкетану саяхаттарына, экскурсияларға аттанып, табиғат аясындағы шатырлы лагерлерде демалып жатыр. 

Аслан Абуталипов, Виктор Полянный