Жамбыл облысында өндірістік жарақат алған жұмысшылар өтемақы талап етіп жатыр

Жамбыл облысында 24 жыл бұрын жабылған кәсіпорын жұмысшылары өтемақы үшін соттасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар «Қаратау» кәсіпорынында өндірістік жарақат алып, өздеріне тиесілі өтемақы алмаған.

Облыстық сотқа жүгінген бұл тұрғындар 1999 жылы банкрот болған «Қаратау» фосфор зауытында жұмыс істеген. Айтуларынша, бірі жұмыс барысында қолынан айырылса, енді бірі өндіріс кезінде жанарынан айырылған. Сол үшін де 70 жасқа дейін өтемақы алуымыз керек еді, - дейді. Бірақ жабылған кәсіпорын мүгедектерін ұмыт қалдырғанға ұқсайды.

Ерлан Садырбаев, тұрғын:

- Жасым келмек түгілі мүгедіктікпен еш жер жұмысқа алмайды ғой. Кімге керек оң қолы жоқ адам?! Сол үшін әділеттілік іздеп жүрміз әлі күнге дейін.

Бауыржан Тазабек, тұрғын:

- 24 жыл 11 айлық немді алуым керек. Маған бұлар енді 34 мыңнан есептеп отыр. 34 мыңға біз көнбейміз. Өйткені қазіргі минималды жалақы – 70 мың. Сондықтан біз сотқа беріп, сот бізді қанағаттандырса де ойлаймыз.

Кеншілер өтемақыны талап етіп, 8 жыл бұрын сотқа жүгінген. Сот шешіміне сәйкес банкроттық басқарушы мүмкіндігі шектеулілерге 334 миллион теңге берілуі тиіс деп тапқан. Аймақтағы еңбек инспекциясы бұл қаржының қалай есептелгенін түсіндірді.

Нұркен Сейдалиев, облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ең бірінші ең төменгі жалақы мөлшерімен есептеледі. Одан кейін айлық есептік көрсеткішпен, одан кейін шынайы инфляциямен есептеледі. Яғни, осындай 3 өзгеріс болған кодексте. Осы өзгерістерге сәйкес жүргізілген есептеулер сомасы 334 млн теңгені құрады.

Бірақ жұмысшылар соттың бұл шешіміне қарсы. Олар өз есебіне сүйеніп 1,6 миллиард теңге өндіріп беруді сұрап отыр. Ал аймақта өткен сот отырысы құжаттарды зерделеу үшін шешім шығаруды кейінге қалдырды.

Авторлары: Мерей Бает Руслан Ахатіллә.