Қарағанды облысының әкімі халықты бірыңғай қабылдау күнін өткізді

Қарағанды облысына қарасты Теміртау тұрғындарын ауызсу мәселесі, қыста тұрақты жылудың берілуі сынды бірқатар коммуналдық мәселе алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін қалада облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың халықты бірыңғай қабылдау күні өтті. Аталған сұрақтар сол жерде көтерілген. Жаңа форматтың арқасында қарапайым тұрғындар өзекті сауалдарына жауап алды.

Замир Шоқпанов – Теміртау қаласының байырғы тұрғыны. Оны қаланың жылу жүйесі алаңдатады. Себебі құбырлар 70%-ке ескірген. Оған биыл ауызсу жеткізетін тағы 25 шақырым қосылды.

Замир Шоқпанов, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Бізді алаңдататыны – әкімнің осы қыстан биыл алып шығуы. Осы жұмыстардың бәрін бітіруі мен әрі қарай жалғастыруы. Тағы 25 шақырым салқын судың құбырын айырбастау керек. 79-шы жылдан бері айырбастамаған затты.

Ескендір Қабидулла, Теміртау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Кестеден кешіккен жерлер бойынша мердігерлер қазір жұмысты күшейтті. Қазір ол жерлерде техникалық бақылау да, авторлық бақылау да, оған қоса депутаттар мен қарапайым тұрғындар да келіп бақылау жүргізе алады. Сондықтан аталған жұмыстар уақытымен аяқталады деп айта аламын.

Халықты бірыңғай қабылдау күні Теміртау қаласынан бастау алып отыр. Мұнда модератор келген адамдардың сауалына сай электронды кезекке қойып, тиісті басқарма басшысына немесе облыс әкіміне жолдайды. Нәтижесінде бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ. Тұрғындардың көбі өздерін толғандырған сауалға жауап алды.

Алена Пеннер, Ақтау кентінің тұрғыны:

- Мұндай форматты алғаш көріп тұрмын. Бұрын былай болмайтын. Егер көбі сұрақ қойып, оған жауап ала алса, онда сөз жоқ қолдаймын. Себебі барлық мамандар отыр, кез келгеніне тақалуға болады.

Халықты бірыңғай қабылдау күні тұрғындардан 100-ден аса сауал түсіпті. Көбі облыс әкмінің жеке қабылдауына жазылғысы келген. Көпшілікті  коммуналдық сала мен қала экологиясына қатысты мәселелер алаңдатады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев.