Түркістан облысында жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр?

1 айдан соң жаңа оқу жылы басталады.

Түркістан облысы еліміз бойынша оқушылар саны ең көп өңірге жатады. Сондықтан бұл аймақтағы үш ауысымды, апатты мектептер мәселесі жаңа оқу жылына дейін қалай шешіледі? Қанша жаңа мектеп ашылады?

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқу құралдары мен мектеп формасының бағасы шарықтап кететіні рас. Оны сатып алуға кейбір ата-аналардың қалтасы көтермей жатады. Сонықтан биыл өңірде осы мақсатқа «Мектепке жол» акциясы аясында 1 млрд 300 млн теңге қаралған. Облыстағы білімге жауаптылардың айтуынша, аталған қаржы әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларды мектепке дайындауға жұмсалмақ.

Айгүл Қасымбекова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Біздің облыста биылғы жылы үкіметтің қаулысында көрсетілген 5 түрлі санаттағы 32 454 бала бар. Олардың ата-анасының есепшотына 40 мың теңгеден аударылатын болады. Одан бөлек демеушілер есебінен көмекке мұқтаж 10 мыңнан аса баланы акция аясында қамтамасыз етеміз деген үміттеміз.

Акция аясында аудан, қала әкімдіктері «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау әрі мектеп формасы мен оқу құралдарын халыққа қолжетімді бағада ұсыну мақсатында «Мектеп жәрмеңкесін» өткізеді.

Самат Көшкінбай, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыста киім тігетін 10-нан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың айлық қуаттылығы 15 мыңнан асады. Ата-аналардың қалтасына қиын түспес үшін біз тауар өндірушілерге өтініш жасап жатырмыз. Тікелей жәрмеңкеге шығып, зауыттың бағасымен ата-аналарға ұсыну. Одан бөлек кеңсе тауарлары бар. Жәрмеңке бізде 15 тамыздан бастап, 31 тамыз аралығында барлық аудан-қалаларда өтеді.

Қазір Түркістан облысында 33 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 20-сы биыл, алтауы жаңа оқу жылында ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ 20 мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Бүгінге дейін оның төртеуі пайдалануға берілсе, 11 мектеп 1 қыркүйекке дейін дайын болады, - дейді облыстық Білім басқармасындағылар. Қалған бесеуі келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек, өңірде 8 апатты, 9 үш ауысымды мектеп бар. Оларда өзекті мәселеге айналып отыр. 

Бауыржан Ахметов, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз бұл мектептердің мәселесін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» жобасы іске асып жатыр. Біздің облыста 63 «Жайлы мектеп» салынғалы жатыр. Соның 29-ы биыл басталады. Ендігі жылы бітеді. Осы арқылы үш ауысымды және апатты мектептердің төртеуін биыл шешеміз. Қалған мектептерді 2025 жылға дейін толық шешеміз деп жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, апатты мектеп деген – ол құлайын деп тұрған мектеп емес, саманнан салынған мектептер. Олардың бәрі «апатты мектеп» болып есептеледі.

Аталған мәселе бүгін облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауға алып, 1 қыркүйекке дейін уақытылы аяқтауды  тапсырды. Өз жұмысына немқұрайлы қараған мердігерлерге қатаң шара қолдануды ұсынды.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Оқу жылы басталуына 1 ай ғана қалды. Бәріне үлгеру керек. Үлгермей қалды дегенді мен қабылдамаймын. Қаржысы жоқ, келесі жылға өтпелі дегендері болмаса. Оларды да қараңыздар. Жұмыс істемейтін мердігерлерді жосықсыз жолдарын қарап, ақылдасып, штаб өткізген кезде сол жерде шешім қабылдап отырыңыздар.

Жалпы Түркістан облысында 1275 мектеп, 515 мың оқушы бар. Биылғы жаңа оқу жылында 51 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады деп жоспарлануда. Сонымен қатар биылдан бастап бастауыш сыныпта оқитын 200 мыңнан астам бала 100% ыстық тамақпен қамтылады күтілуде. Оған облыстық бюджеттен 6,5 млрд теңге қаралған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.