Абай облысындағы 5 ауылға су құбыры тартылады

Абай облысының Көкпекті ауданындағы 10 ауылда орталықтандырылған ауызсу жүйесі жоқ.

Күрмеулі қиын мәселені шешу үшін биыл бес елді мекенге су құбыры тартылады.

Үлгілі малшы ауылында тұратын Әлімовтер отбасы жылдар бойы ауызсу азабын тартып келді. «Көзімізді ашып көргелі тұзды су іштік. Былтыр ауылымызға таза ауызсу жетіп, құдықтан құтылдық», - дейді қария.

Қабылбек Әлімов, үлгілі малшы ауылының тұрғыны:

- Құдықтан тасыдық. Сырттан тасыдық. Су болмай қалған, шықпай қалған кездер де болды. Бес метрге дейін қазасың. Кейбір жерлерден үш метрден шығады. Бірақ таза су емес. Сонда мен 70 жыл тұзды су ішіп, биылдан бері көрім, құдайға шүкір, жақсы болды.

Көкпектіде Үлгілі малшы секілді ауызсуды асыға күтіп жүрген ауылдар аз емес. Биыл аудандағы 5 елді мекенге су құбыры тартылып жатыр. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен екі миллиардтан астам теңге бөлінді. 

Марат Тілеулинов, мердігер компания өкілі:

- «Ақбұлақ» бағдарламасымен жұмысты алып, отыз жыл бойы су болмаған Шұғылбай ауылына су тартуды бастадық. Бір жарым айдай болды. Осы күнге дейін жалпы ұзындығы 13 шақырымның 7 жарым шақырымын салдық. 65 пайыздайын жасап қойдық.

Жарқын Түңдікбаев, Көкпекті аудандық түкш бөлімінің басшысы:

- Шұғылбай, Шәріптоғай, Қарамойыл, Биғаш, Мамай осы 5 ауылды сумен жабдықтауға қаражат бөлініп, жұмыстар басталды. Мердігерлер анықталып, ауылдар бойынша 50-60 процент жұмыс атқарылды. Жоспар бойынша жұмыстың атқарылу мерзімі 1 қыркүйекке дейін.

Абай облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңір тұрғындарының 92 пайызы ауызсумен қамтылған. Ал Көкпекті ауданында бұл көрсеткіш 80 пайыздан асады. Аудан халқына тіршілік нәрін толық жеткізу үшін әлі бес ауылға құбыр тарту қажет.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы