«Ауыл аманаты»: 272 тұрғын несие алды

Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау тоқтады.

Себебі келіп түскен өтінімдердің саны облысқа бөлінген 6,4 миллиард теңгеден асып кеткен. Екі жарым пайызбен берілетін жеңілдетілген несиені алуға 1106 ауыл тұрғыны қызығушылық танытып, соның 272-сі мақұлданған. Қалған өтінімдер тамыз айының аяғына дейін қаралады. Әсіресе Ақжайық, Теректі, Сырым, Казталов, Бәйтерек аудандарының тұрғындары жоғары белсенділік танытқан. Бағдарлама үш жылға шақталған. Оған биыл үлгермегендер келер жылы өз ісін ашуға мүмкіндік алады, дейді мамандар.

Бақдәулет Ибраимов, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы:

- Бізде арнайы жұмыс тобы құрылған. Ең басты мақсаты сүтті бағыт деп отырмыз. Облыс сүт тағамдары бойынша, сүттік бағыт бойынша 85% сырттан алып келеді. Сол себептен ішкі нарықты жабу мақсатында ең бастысы біздің қойып отырған талабымыз – сүтті бағытта мал алу. Екінші – өсімдік, бау-бақшамыз бар, басқасы бар.