Қосшыда жаңа емхана ашылады

Қала мәртебесін алған Қосшыда биыл 2 мектеп пайдалануға беріледі. Ал жуырда жаңа емхана ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ заманауи талапқа сай келетін медициналық орталыққа тұрғындарды тіркеу ісі баяу. Бұл мәселені бүгін емдеу мекемелерінің жағдайымен танысқан Денсаулық сақтау министрі сынға алды. Тұрғындарды медициналық мекемеге тездетіп тіркеу қажеттігін айтып, ынталандыру керек деп тапсырма берді.

 

Министр: жаңа емханада жұмысты жүйелеу керек

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Қосшыға қала мәртебесі берілгеніне 2 жыл. Ауыл болғанда мұнда ресми 20 мыңдай тұрғын тіркелсе, қазір 54 мыңға жеткен. Бұл ресми тіркелгені ғана. Әйтпесе, Қосшы халқының саны қазір 100 мыңға жуықтайды.

Мәселе тұрғын санында емес. Сол тұрғындардың емханаға тіркелмегенінде. Қосшыда жалпы 3 емхана бар. Оның екеуі жекеменшік. Біреуі мемлекеттік. Әуелгі екеуіне 24 мың, ал биыл сәуірде ашылған мемлекеттік емханаға 12 мың адам тіркелген. Министр бұл аз деді. Жұмыс күнінің өзінде медициналық мекеме бос тұр, адам жоқтың қасы.

Жаңа мемлекеттік емхана бір ауысымда 100 адамды қабылдай алады. Тіркелмеген соң қала тұрғындарының дені ем іздеп, Астанаға ағылады. Бірақ сол жаңа қондырғылар мен дәрігерлер Қосшыда да бар. Тек жұртты емханаға тарту һәм тіркеу ісін ретке келтіру керек.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Ол біріншіден халықтың дер кезінде мед көмекке қолжетімділігін төмендетіп отыр. Сондықтан қазір әкімшілікпен көтерілетін бірінші мәселе –  ол осы жердің халқын осы жердегі мед.мекемелерге тіркеу. Қанша уақытта бұл мәселе шешілуге тиіс? Бұл мәселені мед ұйымдар әкімшіліктермен бірігіп, жұмыс жасайды. Жылдың аяғында осы бүкіл республика бойынша мед.емханадарға тіркеу компаниясы жүргізіледі. Сол үлкен шаралардың арқасында елордамыздағы мед.мекемелердегі жүктемені азайтуға көмектеседі.

 

Аурухана салынады

Қосшыда 3 емхана барын айттық. Әкім бұл ресми тіркелген 54 мың тұрғынға жеткілікті деді. Енді 350 орындық аурухана салынады.

Гайдар Қасенов, қала әкімі:

- Бізге аурухана керек. Жоспарымыз бар. Қазір жер іздейміз сол аурухананы салуға. Шамамен қай жылы аурухана салынуы мүмкін? Жоспар бар, келесі жылы сметалық жобаны бастауға. Сосын қашан салынуы мүмкін? 2025 жылы бастаймыз салуға.

Ауруханадан бөлек, Қосшыға мектеп те керек. Биыл 2 білім ордасы пайдалануға беріледі. Былтыр 1200 орындық мектеп бой көтерді. Нәтижесінде жүктеме азая түсті.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Серік Қоңырбаев.