Теміртауда су қашанға дейін кестемен беріле береді?

Теміртаудың бір бөлігі шіліңгір шілдеде сусыз қалған еді.

Қала билігі желідегі ақау жөнделгенше тіршілік нәрін кесте бойынша береміз дейді. Мәселе қашан толық шешіледі?

Ольга Калашникова бесінші қабатқа су тасиды. Кестеден кешігіп қалса суды үнемдейді.

Oльга Калашникова, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Өткен аптада су кестеден кешігіп, бір тәулік бойы берілген жоқ. Хабаралама бойынша 20:00-де беріледі деген. Бірақ бір тамшы су келген жоқ. Амалсыз басқа ауданда тұратын қызымның үйінен 5 литрлік бөтелкелермен тасыдық.

Теміртау қаласын 3 станция сумен қамтамасыз етеді.  Оның екеуі  тұрақты жұмыс істеп тұр. Қаланың шығысы мен ескі бөлігі ауызсудан тарлық көріп отырған жоқ.  Мәселе орталықты қамтитын үшінші станцияда.  Қарағанды-Теміртау су құбыры желісінің  27 шақырымы тозған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Теміртау қаласын сумен қамтитын негізгі 3 станцияның бірі осы. Қазір қаладағы ең өткір мәселе осында келетін құбырларға қатысты. Себебі мамандар Қарағанды-Теміртау су құбырының кейбір жерлері тіпті 100 пайызға дейін ескірген деп отыр. Салдарынан резервуарларға келіп құйылуы тиіс судың кейде тіпті жартысынан көбі далаға ағып кетеді екен.

Облыстық мәслихат ескірген құбырдың 5 шақырымын  жөндеуге 500 млн. теңге бөлуді мақұлдаған. Қазір конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Мердігер анықталған жоқ.    

Ринат Қыдырбеков, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- Конкурстық рәсімдер құбырларды жеткізу бойынша келесі аптада бітеді. Сосын шамамен 15-20 тамызда жұмыстарды бастаймыз ба деп отырмыз. Осы мәселені толық шешу үшін Қарағанды-Теміртау су құбырын жаңарту бойынша жоба бар бізде жоба құны 10 млрд артық болады. Осы жобаны 1-2 жылда жүзеге асырған соң су мәселесін толық шеше аламыз.

Аталған құбыр желісі 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Салдарынан тәулігіне 40-тан астам апат болады. Жазда тұрғындарға бір күнде кемі 1 мың текше метр су қажет болса, қазір кестемен тек 300 текшеметр беріледі. Жауапты мекеме өкілдері мәселе қазан айына дейін тұрақталады деп отыр.

Дәуренбек Бағдулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар