Атырау облысында 70 мыңнан астам оқушы балалар лагерінде демалады

Биыл Атырау облысындағы Индер және Махамбет аудандарының балалар лагерінде 1500-ге жуық оқушы демалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір лагерьлер оқушылардың соңғы легін қабылдауға дайын. Жаңадан ашылған түрлі бағыттағы үйірмелер балалардың уақытын тиімді өткізуге керемет мүмкіндік береді. 

Индер ауданындағы «Жас өркен» лагерінде қазір 168 бала демалып жатыр. Мұнда сурет салу, дәстүрлі ән, вокал және спорттық үйірмелер ашылған. Жақын арада жөндеу жұмыстары басталса, лагерь келер жылы 12 ай бойы жұмыс істеуге дайын.

Шәрбану Сабырова, Индер аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Сыртта көпбейінді спорт алаңдарын салу жоспарда бар. Оның сметалық құжаттарын жасақтап жатырмыз. Онымен қатар амфитеатрдың да жөндеу жұмыстарына, алаңды қоршау жұмыстарына облыстық білім басқармасына бізден бюджеттік өтінім ұсынылды. Қазір 16 млн-ға жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Ал Махамбет ауданындағы «Арай» лагері 3 жыл бұрын толық жөндеуден өткен. 7 мен 13 жас аралығындағы балалар үшін барлық жағдай жасалған. 12 күн бойы оқушылар лагерьде түрлі үйірмеге қатысады.

Бақытгүл Жолдығалиева, жазғы лагердің аға тәлімгері:

- 5 мезгіл тамақтанады. Балалардың барлығы көңілді болуы үшін барымызша тәрбиешілер бар, аға тәлімгер бар, лагер меңгерушісі бар, бірлесіп, мектептің мұғалімдері бар, Махамбет аудандық білім бөлімі бар. Барлығымыз бірлесіп, жағдай жасап жатырмыз деп ойлаймын.

Биыл облыс бойынша жазғы демалыспен 70 мыңнан астам оқушы қамтылады. Бұл мақсатқа қазынадан 760 млн теңге қарастырылған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев.