СҚО-да шөп шабу науқаны қызды

Биыл өңірге шамамен 1 миллион тоннадай мал азығы дайындалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандардың мәліметінше, бүгінде оның 70%-тен астамы әзірленді. Шабындыққа кіріскен шаруалар қазір ауыл тұрғындарына қысқа қамдануға көмектесіп жатыр.

«Қыстың қамын жаз ойла» деген қағиданы ұстанған жандар қазір таң атқаннан кеш батқанға дейін шабындықта. Солардың бірі – механизатор Александр Гельцер. Азамат ауа райы қолайлы болып тұрғанда мал азығын дер кезінде жинап алмақ ниетте. 

Александр Гельцер, механизатор:

- Жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Техникамыз тоқтаусыз жүріп тұр. Қазір орта есеппен күніне 40 гектардай жерді шабамыз. Шөп шүйгін. 

Жаз басы ыстық болды. Дегенмен артынша жауын жауып, жағдай біршама тұрақталды. Сондықтан науқан әлі жалғасып жатыр. Облыс бойынша шөптің шығымдылығы гектарынан 5-8 центнерді құрады.

Матвей Скорняков, серіктестік басшысы:

- Бүгінде біз 450 тонна мал азығын дайындап үлгердік. Ауыл тұрғындарына да көмектесіп жатырмыз. Зейнеткер мен жағдайы төмен отбасыларды да назардан тыс қалдырмаймыз.

Бүгінде өңірде бір орама шөптің құны 12 мың теңгеден басталады. Баға қатаң бақылауда. Ал ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандар сабанды үгітпеуге кеңес береді. Себебі облыстың шығысына жауын жылдағыдан аз түскен. 

Мейрам Меңдібаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Осы жылға 940 мың тонна шөп дайындау керек. Сенаж – 216 мың тоннадан,  силос – 211 тоннадан, тағы да 200 мың тонна фураж дайындауға біз жоспар құрғанбыз. Қазіргі уақытта енді 70% астам дайындық жүргізілді, шаруашылықтармен де, елмен де. Енді бәрі ауа райына байланысты.

Шілде айында басталған шөп шабу науқаны күзге дейін жалғасады. Осылайша, өңірде шамамен 1 миллион тоннаға жуық мал азығы дайындалатын болды. Бұл қыстан қысылмай шығуға жетеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.