БҚО Жетікөл ауылындағы бастауыш мектепте бала жетпейді

Батыс Қазақстан облысындағы Жетікөл ауылының бастауыш мектебі жабылудың алдында тұр.

Мұнда төрт-ақ бала қалған екен. Ал 1 сыныпқа әлі ешкім қабылданбаған. Соңғы жылдары ауылдан үдере көшкендер қатары арта түскен. Оған инфрақұрылымның нашарлығы мен жұмыссыздық себеп болып отыр. Енді мектеп жабылып қалса, елді мекеннің біржола тоз-тозы шыға ма деп алаңдайды жұртшылық.

Жетікөлдегі білім нысаны 1965 жылы салыныпты. Бір кездері оқушылар 9 сыныпқа дейін оқитын негізгі мектеп болған. Дегенмен кейінгі жылдары бала саны күрт азайып, «бастауыш мектеп» мәртебесі ғана қалды. Өткен оқу жылында мұнда 7 бала білім алыпты. Ал жаңа маусымда оқушы саны жетпей тұр.

Дария Панағожина, Жетікөл бастауыш мектебінің мұғалімі:

- 4-сынып бітірген 2 оқушымыз кетіп отыр. Сосын ата-ана бір баланы қалаға қарай алып кетіп отыр ата-әжесіне. Мектепалды даярлық тобында екі баламыз бар. Ол бірақ келесі жылға келетін балалар саны. Бізде тек информатика маманын сұрағанбыз, бірақ 1 сағатқа ешкім келмегесін оны осының ішіндегі мұғалімдерге жүктемемен істеп отырмыз. Ағылшын маманына орыс тілін жүктеп беріп отыр.  Жұмысшыларымызға да қиын, әрине, жабылып қалған. Бірақ жақсы үміттеміз. Бір бала келетін болар деген ойдамыз.

Ауыл іргесіндегі шаруа қожалықтарында тағы 3 бала бар екен. Бірақ ата-аналары күнделікті қатынау қиын деп оларды округ орталығындағы интернатқа берген. Енді бастауыш мектептің одан әрі жұмысын жалғастыруы екіталай.

Диас Орақ, мектеп оқушысы:

- Мына мектеп маған өте қатты ұнайды. 3-сыныпты бітіріп, енді 4-сыныпқа барамын. Қазір бала аз. Сосын ішім пысып кетті былай.

Ауылдың көнекөздері бұрын елді мекеннің қызу еңбек ордасы болғанын айтады. Тек тоқсаныншы жылдардан бастап жұмыссыздық жайлапты. Тұрғындар жан-жаққа үдере көшкен. Оның үстіне инфрақұрылымның нашарлығы да тұрмыс сапасына кері әсер етіа отыр.

Киікбай Қайырғожин, Жетікөл ауылының тұрғыны:

- Уақытында қол жұмыс ретінде жастар ауылда тұрақтады. Қазір ол жүйе жойылды. Басқаша қазір адамдардың тірлігі. Жеке қожалық қазір бір-біріне. Жарық мәселесі қиындау болып тұр. Кілең жүйе ескіргеніне байланысты деп жатыр ғой енді. Жиі сөнеді свет. Су мәселесі де қиындау. Бірде жүреді, бірде жүрмейді деген сияқты.

Ауылда қазір 28 шаңырақ бар екен. Әкімдік енді елді мекенге көшіп келген отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Айболат Нұрмұханов, Жетікөл ауылдық округінің әкімі:

- Бос үйлердің иесімен сөйлесіп, үйге тұру мәселесі бойынша. Одан бөлек шаруа қожалықтарымен сөйлестім осындағы. Ұсақ малмен көмектеседі әрқайсысы. Мысалы, мында 14 қожалық болса, 10 қоймен көмектеседі. Жұмыспен қамту, қожалыққа жұмысқа кіргізу. Сондай жұмыстарға көпбалалы отбасылар келсе. Әлі нақты келемін дегендер жоқ енді.

Норматив бойынша егер бастауыш мектепте оқушы саны бесеуден аз болса, мекеме жабылады. Десе де облыстық білім басқармасының маманы Жетікөл мектебін жабуға қатысты ешқандай ұсыныс қаралып жатпағанын айтты. Бірақ бұдан өзге екі мектептің жұмысын тоқтату жайы талқыланып жатыр екен.

Жадыра Бекжанова, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Жетікөл бастауыш мектебінің жабылуы бойынша білім бөлімінен, аудан әкімдіктерінен ұсыныс түскен жоқ. Жаңа оқу жылында жабылатын бір бастауыш мектеп бойынша аудандық әкімдіктен ұсыныс келді. Облыс әкімдігінің қаулысы дайындалуда. Ақжайық ауданы, Есім бастауыш мектебі. Бір негізгі орта мектепті бастауыш мектепке айналдыру бойынша ұсыныс түсті. Ақжайық ауданы, Еңбекші негізгі орта мектебі.

Өңірде дәл қазір 68 негізгі және 60 бастауыш мектеп бар. Жаңа оқу жылында жабылатын білім мекемелеріндегі балалар көрші ауылдардың интернатына орналастырылмақ. Ал Жетікөл тұрғындары өз ауылындағы бастауыш мектептің жұмысы одан әрі жалғасады деген үмітте. Өйткені балабақшада қазірдің өзінде 7 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов