IT мамандар жүргізуші куәлігін алуға арналған жаңа жоба ойлап тапты

Алматылық IT мамандары Елдар мен Санжар жүргізуші куәлігін алуға арналған стартап жоба ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір пилоттық жоба ретінде қаладағы 2 арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында сынақтан өтіп жатыр. Өнертапқыштардың айтуынша, бұл ең алдымен жемқорлықты болдырмайды. Оған қоса жол апатының алдын алады.

Елімізде жол апаты азаймай тұр. Одан келетін өлім-жітім де көп. Оның бір себебі жүргізушілердің салғырттығынан. Сондай-ақ емтиханнан ебін тауып өткендер жол ережесін біле бермейді. Енді стартап жобаның арқасында талап күшейеді. Мұнда барлығы ашық. Емтихан тапсырушы отыратын үстел әйнектен жасалған. Оның үстіне бейнекамера орнатылған. Іс-қимылдың барлығы залдағы манитордан көрініп тұрады.

Елдар Бекболат, стартап жобаның авторы:

- Қазір пилоттық режимде жұмыс істеп жатырмыз. Адам отырған кезде барлығы жан-жағынан көрінеді. Ешкім ешқандай «шпаргалка» заттар өткізе алмайды. Үстінен әрқайсысының бейнежазба жүріп жатады. Оны сондай-ақ үміткерлер жалпы күту залында көре алады.

Елдар мен Санжар IT маманы. Бұл жобаны жасауға 2 жыл жұмсаған. Оның алдында өздері де жүргізуші куәлігін алып көрмек болады. Сол кезде бюрократиялық кедергілерге тап болады. 

Елдар Бекболат, стартап жобаның авторы:

- Өзіміз мобильді қосымша шығардық. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде адамдарға дайындалуға оңай болу үшін. Автосарапшылардың да шырылдап келе жатқанына біраз уақыт болды. Сұрақтары дұрыс емес деп. Біз базада тексерген кезде ішінде 20% сұрақтар қателер көп болды. Соның бәрінің қатесін түзеп, біздің жүйеге енгіздік.

Санжар Нұрмахамбетов, стартап жобаның авторы:

- Біз жүргізуші куәлігін беру бойынша ТМД елдерін түгел зерттеп шықтық.  Әзірге тура осындай жоба еш жерде жоқ. Сондықтан бізді алдымен өзіміздің Үкімет қолдаса дейміз. Қазіргі командамыз мықты. Цифрлық тұрғыдан өте білімді. Олардың қатарында автосарапшылар, IT мамандар, графикалық дизайнерлер бар.

Өнертапқыштар емтихан сұрақтарының барлығын анимациялық форматта мобильдік қосымшаға енгізген. Барлығы 1300 сауал. Оған қоса кітапшалар бар. Емтихан тапсырушыларда өз пікірімен бөлісті.

Құттыбек Нұрбеков, қала тұрғыны:

- ҰБТ тапсырған сияқты жаңашылдық беріп, қауіпсіздік берген сияқты. Адамдар көшіре алмайтындай шындықты көрсетеді. Барлығы цифрлық болып жатыр. Ол да дұрыс.

Мейрамбек Нұрсерікұлы, қала тұрғыны:

- Бірінші рет тапсырғанымда аз балл алып қалдым. Екінші рет тапсырғанымда жақсы балл алып шықтым. Ешқандай қобалжу болған жоқ. Әйнек үстелдер өте жақсы. Осындай форматта дұрыс.

Пилоттық жоба іске қосылған соң алдыңғыға қарағанда емтиханнан өткендердің қатары 30%-ке азайыпты. Үміткерлерде көлік жүргізуге атүсті қарамай, емтиханға тыңғылықты дайындалып келетін болды, - дейді жоба авторлары. IT мамандары тың бастамаларын тиісті министрлік қолдайды деген үмітте. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев.