Павлодар облысында Мәшһүр Жүсіптің 165 жылдығына орай жыршы-термешілер сайысы өтті

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына арналған тойдың шымылдығын жыршы-термешілер сайысы ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ халқының асыл перзентін дүниеге әкелген Баянауыл көгін Қазақстанның әр өңірінен келген өнер иелері ән мен жырға бөледі.   

Мәшһүр Жүсіп Көпеев – ойшыл, фольклор танушы этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан тұлға. Халық аузында «Мәшһүр бабамыз айтыпты» деген қанатты сөздерді жиі естиміз. Жыршы-термешілер байқауын ұйымдастырудың мақсаты – Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мұрасын кеңінен насихаттау.

Абылайхан Бектасұлы, байқауға қатысушы, Қызылорда облысы:

- Мәшһүр Жүсіп атамыздың бұл тереңнен тартылған сөздері, өте күрделі. Жалпы болашаққа мән-мағыналы, терең. Бұны бойына сіңіріп, санасына бекіткен жас ұрпақ жаман болмайды ғой деп ойлаймын.

Данияр Жұмәділов, облыстық мәдениет басқармасының  бас маманы:

- Басты қойылған талап, олар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 2 термесін орындайды. Ал екінші кезеңде Мәшекеңнің өздері таңдаған тағы бір термесімен өздерінің қалауы бойынша өз өңірінің мақамына сай терме орындауға міндеттелді.

Мәшһүр мұрасын кеңінен насихаттауға байқаулар мен фестивальдар аздық етеді, - дейді шараға қатысушылар. Өйткені ақынның жалпы адамзат баласына ортақ болатын құнды пайымдаулары өте көп.

Алмас Алматов, қазылар алқасының төрағасы:

- Мәшһүр мұралары зерттеліп, көп томдықтары шығарылып жатыр. Біздің жасап жатқанымыз – жыршы-жыраулар арқылы Мәшһүр шығармалырының халықтың жүрегіне рухани күш-қуат, әл беретін тұстарын осы халыққа насихаттау.

Байқауға қатысушылар бұл үдеден шыға білді. Әр өнерпаз Мәшһүр әлеміне терең бойлағанын паш етті. Жыршы-термешілерден кейін өнер мерекесін   республикалық ақындар айтысы жалғады. Жеңімпаздар Ескелдідегі дүбірлі тойда марапатталады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.