Баянауыл Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығын атап өтті

Мемлекет басшысының тапсырмасымен салтанатты іс-шараға қатысқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Халықты өнер-білімге шақырған өлеңдер мен толғаулар, дастандар мен қиссалар жазып, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтті. Ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз. «Салған мені бейнетке ғылым-білім» деп ақынның өзі жырлағандай, терең таным мен телегей білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз. Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов алқалы жиында Ертіс-Баянауыл өлкесі ұлтымыздың тағдыры мен тарихына өшпес із қалдырған ұлы перзенттерді дүниеге әкелген киелі топырақ екенін атап өтті. Солардың бірі де, бірегейі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Мәжіліс төрағасы ақын өлеңдері мен көсемсөзі қазақ руханиятының алтын қорынан ойып тұрып орын алатынын айтты. Мерейтой аясында облыста республикалық ақындар айтысы, жыршы-термешілер байқауы, көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті.