Батыс Қазақстан облысында 27 мектеп салынып жатыр

Оның 3-еуі құрылысы ұзаққа созылып кеткен нысан болса, «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында биыл 9 мектептің қабырғасы қаланыпты.

Одан бөлек  Қарашығанақ кенішін игеруші инвесторлар есебінен жыл соңына дейін 15 шағын құрамды мектеп пайдалануға беріледі. 

Бәйтерек ауданы Трекин ауылдық округіне қарасты Жайық ауылында 500-дей тұрғын бар. Ал мектеп біреу. Оның өзі екі пәтерлі үйдің бір жағында орналасқан бастауыш мектеп. Оқушылар бар, даярлық тобы бар, шағын орталығы бар, қуықтай 4 бөлмеде 40 шақты бала құмырсқаның илеуіндей қайнап жататын.

Дариға Мұханбетова, Жайық ауылының тұрғыны:

- Бұл мектеп 90 жылы қыркүйек айында ашылды. Мектептің ашылуына ата- аналар себепші болды. Әрине өте тар. Әсіресе қыстың күндері дене шынықтыру сабақтарын өткізуге өте ыңғайсыз болды. Қазір ауылда жаңа мектеп салынып жатыр. Өте қуаныштымыз.

Іргетасы көктемде қаланған 108 орындық білім ордасы кесте бойынша  жыл аяғына дейін тапсырылуы тиіс. Алайда мердігерлер қыркүйектен қалмай құрылысты бітіреміз деп жанығып жатыр. Сонда бұрын көрші ауылға қатынап келген шәкірттер өз ауылдарында оқымақ.

Серик Сафиуллин, Бәйтерек аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Бұл елді мекенде оқушылар саны артығымен жетеді. Бүгінгі күннің өзінде Трекин ауылында қазақша және орысша мектеп бар, сол екі мектепке 103 баланы тасымалдап оқытып отырмыз. 3 көлікпен, автобуспен солармен тасып оқытып отыр.

Қарашығанақ кенішін игеруші инвесторлар есебінен өңірде биыл  15 шағын құрамды мектеп салынып жатса, соның 4-і Бәйтерек ауданында бой көтереді.   Одан бөлек Трекин ауылында 600, Достық ауылында 1200 орындық мектептердің құрылысы басталады. Аудан басшылығының айтуынша қаланың іргесіндегі елді мекендерде халық саны күрт өсіп келеді. Небәрі 10 жыл бұрын ауданда 50 мыңға жетер-жетпес адам болса, қазір тұрғындар саны 62 мыңнан асқан. Сол себепті әлеуметтік инфрақұрылымды да жедел жетілдіру қажет.

Марат Тоғжанов, Бәйтерек ауданының әкімі:

- Достық ауылы бойынша мектептің жағдайы өте қиын жағдайда, апатты жағдайда. Одан бөлек 5800 халқы бар. Ал Трекин ауылында  600 орындық бүгінгі күні қазақ мектебі сыймай жатыр. Бұл мектепке бұрынғы 270 орындық мектеп салынған болатын. Бүгінгі күні бала сыймай жатыр. Ал орыс мектебі бұрынғы контораның орны. Сондықтан біздер  орыс мектебін қазақ мектебіне ауыстырамыз да, қазақ мектебіне жаңа 600 орындық мектеп салынғалы тұр.

Батыс Қазақстан өңірінде 370 білім ордасы бар. Соның 12-і апаттық жағдайда, 9-нда балалар үш ауысыммен оқиды. Білім саласындағы қарқынды құрылыс осы түйінді мәселенің оң шешілуіне ықпал етпек. Жалпы алғанда жоспар бойынша 2026 жылға дейін облыста 36 мектеп пайдалануға беріледі.

Авторлары. Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов