Абай облысында 235 шақырым жолға асфальт төселеді

Абай облысында 2 мың шақырымнан астам жолды жаңартатын уақыт келді.

Соның бірі – Жарма ауданындағы «Шар-Әуезов» арасы. Облыстық маңызы бар жолдың жартысы былтыр асфальтталып, қалғаны аяқталмай қалған.

Азамат Қасым, тілші:

- Шар қаласы мен Әуезов кентінің арасын жалғайтын 50 шақырымға жуық жолдың 20 шақырымы осындай күйде. Ойдым-ойдымы шыққан. Тастары сойдиып шығып жатыр. Тұрғындар бұл жолды бір сағат жүруге мәжбүр.

Әуезов кенті мен Шалабай ауылындағы 5 мыңға тарта тұрғын 30 жылдан бері осындай жолмен жүреді. Былтыр 42 шақырым жолдың жартысына асфальт төселіп, қалған бөлігі аяқсыз қалған.       

Әсел Түкиева, Шалабай ауылының тұрғыны:

- Осы жол арқылы біз облыстық ауруханаларға барамыз. Біздің аудандық аурухана Шар қаласында орналасқан. Сонда да барамыз. Бақыршық ауылында үлкен кәсіпорын бар. Онда қанша адам жұмыс атқарады. Осы жолмен жүреді. Кейбіреуі 5 күн жұмыс істейді. Сенбі-жексенбі мына жолмен үйлеріне қайта алмайды.

Бауыржан Бағдатұлы, көлік жүргізуші:

- Әр дүйсенбі сайын осы жолмен жүреміз. Жағдайы өте нашар. Айналдырған 20 шақырымға 2 сағаттай уақытың кетеді.

Былтыр жөнделген жолдың сапасы да сыр берген. Қазірдің өзінде шұрық-тесік болып жатыр. Жолға жауаптылар мердігер мекемені міндеттеп, қайта жөндетуді жоспарлап отыр. Ал қалған бөлігін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.

Асылбек Нұғманов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- 21 шақырым. Қосымша жергілікті тұрғындардың сұрауымен 8 шақырым қосып жатырмыз. Жалпы 28 шақырымға келесі жылы орташа жөндеу жұмыстарын бастайық деп жатырмыз.

Биыл аймақтағы 235 шақырым жолға асфальт төселіп жатыр. Бұған 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Өңірде аудандық және облыстық маңыздағы 4 жарым мың шақырым жол бар. Соның 2 мың шақырымнан астамы жөндеуді қажет етеді.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.