Қызылорда облысындағы лагерьде кемшіліктер анықталды

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша тексеріс жүргізген қызылордалық прокурорлар біраз былықтың бетін ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шиелі ауданында орналасқан «Сыр ұланы» лагерінің басшылығы ескі дәретхананы азық-түлік қоймасына айналдырған. Балалар жуынатын арнайы орын да жоқ. Ал Сырдария ауданындағы «Жалын» лагерінде балғындар санитарлық талапқа сай келмейтін төсекте жатқан. Ал Қазалыдағы «Шағала» орталығының ыдыс-аяғын тексерген мамандар ішек таяқшалары табылғанын айтады. Сонымен қатар бассейннің де тазаланбайтыны мәлім болды. Жалпы өңірде 9 тынығу лагері жұмыс істеп тұр.

Әділ Есқараев, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Қазіргі жекелеген лагерьлердің жағдайы нашар. Ғимараттары ескі, олардың кейбіреулері күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі уақытта уәкілетті органдардың қорытындылары күтілуде. Олардың нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.