БҚО-да қараусыз мал кесірінен жол апаты жиіледі

Батыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасы азаймай тұр.

Соның біразы қараусыз жүрген малдың кесірінен болады дейді- тәртіп сақшылары.   Жыл басталғалы бері өңірде дәл осындай 45 дерек тіркелген екен. Жергілікті атқарушы органдар жол бойындағы ауылдарда айыппұл қорасын салған. Малын бақпаған мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Бұл суреттер Бұлдырты ауылының маңында түсірілген. Түнде трасса бойымен жүйткіп келе жатқан көліктің алдынан жылқы шығып қалып,  апат болды. Салдарынан әйел адам көз жұмған.

ХРИП:

Асылан Шотанов, марқұмның күйеуі:

- Түнгі сағат 22.25 шамасында. Алдымнан үйір жылқы шығып, соның бірінші жылқысы маған соғылып тұр ғой. Қасымда жолдасым, сосын балам болды. Жолдасым қайтыс болды. 

Қайғылы жағдайға қатысты тергеу жүріп жатыр. Жол-көлік оқиғалары Самара-Шымкент, Орал-Атырау тасжолдарының бойында жиі болады. Өйткені төрт түліктің көбі осы оңтүстік аудандарға тиесілі. 

Ерген Жалмұратов, жүргізуші:

- Трассаға шыққаннан кейін мал көп. Түнде жылқылар жүреді, сиырлар жүреді. Әрине қауіпті. Авария болып жатыр ғой көп. Білмеймін енді, жоғарыдағылар бір шара қолданбай ма енді?! Қарап, қадағаламай ма?! 

Ауылдық жерлерде малды кезекпен бағу үрдісі үзіле бастаған. Ал тұрақты бақташы табу қиын. Тапқан күннің өзінде ай сайын әр бас мал үшін 1500-2000 теңгеден төлеуге көбінің қалтасы көтермейді. Сондықтан шаруалар төрт түлікті жайылымға қараусыз жіберіп, тек кеште ғана түгендейді екен. 

Киікбай Қайырғожин, Жетікөл ауылының тұрғыны:

- Бақташының қажеті жоқтың қасы ғой. Әркім өзінің малын өзі қарайды. Ауру-сырқау, емдеу, вакцинасын салу деген сияқты. Мына жақта ұстаймыз, қырға. Сосын мына жақта қожалықтар көлде шөп шауып болғаннан кейін көлге шығарамыз. Далада жатады сол жерде. Түгендейміз. Күнде түгендейміз. 

Күре жолдардың бойындағы елді мекендерде 119 айыпқорасы бар. Полиция қызметкерлері қараусыз жүрген малды сонда апарып қамайды. Мал иесі табылған соң оған жем-шөп шығынын төлеу міндеттеледі. 

Ерлан Жоралиев, Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі:

- Мал камайтын орын Біздер теңгерімге алдық. Қажет болған жағдайда мал қамайтын орын, трассаға шығып кеткенде немесе егіске түскен жағдайда біз пайдаланамыз мал қамауға. Басқа уақытта ауылдың тұрғындары пайдаланады. Сосын ветеринарлар ветеринарлық шаралар өткізгенде жеке тұғындардың малын осында қамап, осыдан өткізеді. 

Биыл өңірде қараусыз малдың кесірінен 45 жол апаты болған. Салдарынан екі адам көз жұмып, тағы бесеуі жарақат алды. Былтырғы статистика да  осындай.

Сұлтан Шалдарбеков, облыстық ПД басқарма бастығы:

- Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін 1701 мал иесі ӘҚБ Кодексінің 408-бабына сәйкес жауапқа тартылып отыр. Айыптұрақтары біздің облыс көлемінде әрбір ауданда жасалған. Қараусыз жүрген фактілер болды. Олардың бәрін алып келіп, айыптұрағына қамаққа алып, сосын чиптері бар, басқа да белгілері бар, солар арқылы иелерін анықтап, айыппұл салу фактілері бар. 

Аймақта «Учаске» жедел алдын алу шарасы басталды. Оның аясында полиция қызметкерлері ауылдық жерлердегі мал иелерінің құжатын және төрт түліктің таңба-белгілерін тексереді. Рейд қыркүйекке дейін жалғасады.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов