Қазақстанда күн сайын 6 бала зорлық-зомбылыққа дұшар болады

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің қатысуымен  өткен жиында айтылды.

Отбасы институты, бала қауіпсіздігі, адам өмірі мен бостандығы. Осы тақырыптар Түркістанда өткен дөңгелек үстелдің тұздығына айналды. Министр балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктің жиі көрініс табуы қоғамды алаңдатып отырғанын жеткізді. Сондықтан осындай ауыр қылмыспен жұрт болып жұмылып күресуге шақырды. Бүгін арқаны кеңге салсақ, ертең кеш болуы мүмкін екенін атап өтті.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Егемен елде, бейбіт жерде шиеттей қорғансыз бейкүнә балалар теріс пиғылды адамдардың құрбаны болып жатқаны ата-ана ретінде баршамыздың жанымызға батады. Президент Қ.Ж.Тоқаев өткен жылды «балалар жылы» деп жариялап, халыққа жолдауы мен ұлттық құрылтайдағы сөзінде балалардың қауіпсіздігі мен болашағына қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Біз сол бағыт-бағдардың аясында жұмыс істеуіміз қажет.

Министр нақты бағдарламалар жасалып жатқанын, енді азаматтық қоғам, жауапты органдармен тізге қосып, жедел әрекетке көшудің маңызды екенін атап өтті. Соңғы рет Түркістан мен Абай облысындағы және Қарағанды қаласында болған келеңсіз жағдай бұл салада жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін көрсетті. Мамандардың дерегінше, елімізде күн сайын 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Жылына 150 бала терезеден құлайды немесе кәріз құдығына түсіп кетеді. Енді бұл мәселе мемлекеттік органдармен, әкімдіктердің бірлесіп шешетін шаруасына айналады.

Динара Закиева ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Отбасыларға жауапты жергілікті жерде басқарма жоқ. Ал отбасылардың мәселелерінің 70% әлеуметтік мәселе. 151 ауданда отбасын қолдау орталығы ашылады. Мысалы Түркістан облысында 16 ауданда ашылады. Осы орталықтарда психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды, аналарды анықтау үшін жедел әрекет ету топтары құрылды. Осы 2 аптаның өзінде 300-ден астам отбасы анықталды.

Статистикалық деректерге сәйкес, өткен жылы елімізде кәмелет жасына толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түсу немесе оған мәжбүрлеу, жас балаларды азғындыққа салу фактісі бойынша 383 қылмыстық іс қозғалса, биылғы жылдың 6 айында 252 қылмыс тіркелген. Облыстық прокуратураның мәлеметінше, республика көлемінде кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыстың 27% Түркістан облысына тиесілі. Ерекше айта кететін жәйт, өңірде жыныстық тиіспеушілікке қарсы жасалған қылмыс 32% артқан. Суицид жасау 33% көбейген.

Мұрат Тлеубердиев, облыс прокуроры:
- Бұл санаттағы құқық бұзушылықты жасауға ықпал ететін негізгі себептер; отбасындағы зорлық-зомбылық, отбасындағы әлеуметтік жағдайдың төмендігі, тиісті тәрбиенің жоқтығы және жастар арасындағы қатыгездік екені белгілі. Отбасылық зорлық-зомбылықпен күресті жүзеге асыратын және балалардың құқықтарын қорғайтын, отбасы және бала саясатымен айналысатын басқармаларды облыс әкімдігіне құруды ұсынамыз. Себебі отбасына қатысты әкімдіктің әртүрлі басқармаларына шашыраңқы бекітілген міндеттерді жинақтап, оларды біріктіру оң нәтиже беруі тиіс.

Президент тапсырмасына сәйкес, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Бұрын мұндай құқық бұзушылықтарға жәбірленушінің арызынан кейін іс қозғалатын болса, жаңа ереже бойынша жәбірленушінің арыз-шағымынсыз-ақ тіркеп, іс қозғала береді. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Харассменттен қорғау жөнінде арнайы бұйрық шығарған. Бұл ережені министрлікке қарасты мекемелердің барлығы қабылдаған. Сондай-ақ  Дархан Қыдырәлі «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі нұсқаулықты» дайындалғанын жеткізді. Ол балаларды оқыс жағдайдан қорғауда кез келген адам үшін құнды ресурс болатынын атап өтті. Сонымен қатар «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» атты акция өтетінін хабарлады. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш