Екібастұзда он жылу қазандығын жөндеу жүріп жатыр

Екібастұз қаласында жылыту маусымына дайындық жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр.

Шаһардағы коммуналдық желілер мен жылу электр станциясындағы ауқымды жөндеу барысымен ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев танысты. Ол алдымен қаланың жылу электр орталығында болды. Кеншілер шаһарындағы қазіргі ахуал қандай?

Екібастұз жылу орталығында 10 қазандық күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Қазіргі уақытта екі қазандық толық дайын. Тағы төрт энергетикалық жабдық 20 қыркүйекте қолданысқа берілмек. Ал қалғаны жылу маусымы басталғанға дейін жөнге келтіріледі. 

Олег Шемель, Энергия тарату кәсіпорнының бас директоры:

- Сегізінші қазандықтың күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Жетінші қазандықтағы жұмыстар толық аяқталды. Енді ыстық су жүйесіне қосамыз. Тағы бір қазандықтағы жөндеу осы айдың соңына дейін аяқталады. Барлығы кестеге сай. Ал бесінші жабдықты жөндеу қыркүйекте аяқталады. 

Коммуналдық инфрақұрылымның әзірлігі де көңіл көншітерлік. Бүгінгі күні ішкі  және магистральдық желілердің 80%-дан астамы дайын. Ауқымды жөндеу жұмыстары қыркүйек айында іске қосылады. 

Елеміздің бас энергетигі бірінші мемлекеттік аймақтық электр станциясында болып, энергетикалық нысандағы жаңғырту жобаларымен танысты. №1 энергоблок қалпына келтірілген соң станцияның 4000 МВт-қа дейін артыруға мүмкіндік береді. Техникалық жағдайы өзге де нысандарды қалыпқа келтіру көзделген.

Асан Наурызғалиев, Б.Нұржанов атындағы мемлекеттік аймақтық электр станциясының бас директоры:

- Техникалық жағдайы бойынша №3 энергоблок таңдалды. Биыл жөндеу бойынша экономикалық негіздемеге тапсырыс беріледі. Ал келесі жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қажетті құрал-жабдықтар тасымалдана бастайды. Жоба құны 140 млрд теңге.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен  жылу маусымына дайындық жұмыстары жауапты органдардың жіті бақылауында. 

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Еліміздің энергонысандарының жылу маусымына дайындығын бағаладық. Әзірлік деңгейін үш категорияға бөлдік. Бірінші топқа дайындығы 70% болатын жылу электр станцияларын жатқызамыз. Солардың қатарында Екібастұздағы орталық бар. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарының тең жартысы аяқталды. Қорқыныш жоқ.

Айта кетейік, электр станциясын жөндеу жұмыстарына Үкімет резерві есебінен 7,4 млрд теңге бөлінген. Мамандардың айтуынша, жылу маусымын штаттық режимде бастау үшін екі қазандық жеткілікті. Үйлерге жылу беріле бастаған кезде бес жабдық іске қосылады деп күтіледі. 

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков