Оралда студенттік жатақханалар тексерілді

Оралда студенттер жатақханаларға орналасуға өтініш беріп жатыр.

Мамандардың айтуынша, былтырғымен салыстырғанда орын тапшылығына қатысты бірқатар мәселе шешілген. Десе де кейбір ғимарат күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Мониторингтік топ қаладағы студенттер үйін аралап, қызмет сапасын бақылап қайтты.  

Гүлсезім Жақсыбай ауылынан келген. Мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған талапкер жоғары оқу орнына грантқа түсті. Ол енді жер маманы ретінде кәсіби білім алады. Студент жатақханаға орналасуды ұйғарыпты.

Гүлсезім Жанайдарова, студент:
- Иә, жатақхана керек. Құжат тапсырып жатырмын қазір осы жерде. 60мың жылына. Жоқ, қымбат емес. Шәкіртақы көлемі белгісіз, бірақ биыл өсіп жатыр деп естігенмін.

Аграрлық және техникалық мамандар даярлайтын бұл университетте жылына 4 мыңнан астам студент оқиды. Солардың жартысына жуығы жатақханаға орналасады екен. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған және мүгедек жастарға жатын орын тегін беріледі. Студенттер үйінде асхана, оқу кабинеті, киім жуу бөлмесі және жаттығу залдары бар. Ал қызметақысы былтырдан бастап қымбаттаған екен.

Ақылбек Сұлтанов, университет проректоры:
- Балалардың көбі қаладан болады. Ауылдың балалары көбі жатпайды. Қазіргі балалардың жағдайы бөлек. Біреулер жатады жатақханаға, біреулер жатқысы келмейді. Бірақ сұраймын деген балаға 100 пайыз қамтып тұрмыз жатақханамен. Былтырдан бастап 60 мың. Оның алдында 4 мың теңгеден болды айына, жылына 40 мың. Ал былтырдан бастап бәрі қымбаттап жатыр, жарық қымбаттап жатыр.

Ал бұл жол-көлік колледжінің жатақханасы. Ғимарат 120 орынға арналған. Білім ордасында тек ерлер оқиды. Бәріне жатын орын тегін қарастырылған. Тек жатақхананың жағдайы мәз емес. Ескі нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Аймақта колледждердің оқу ғимараты мен жатақханаларын қоса алғанда 13 нысан тозып тұр.

Мирас Сапарғали, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Жол-көлік колледжінің жатақханасы 80 жылдары салынған. Күрделі жөндеу жүргізілген жоқ, бірақ алдағы уақытта қаржыға байланысты қарастырылуда. Технологиялық сервис колледжінің ғимаратына және жатақханасына құрылыс бойынша жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Бюджеттік өтінім жасалды. Енді қаржыға байланысты күтілуде.

Облыста 4 жоғары және 34 арнаулы оқу орны бар. Онда 24 мыңнан астам студент оқиды. Биыл университеттердің бірінде жаңа жатақхана салынып жатыр.

Архат Исламғали, мониторинг тобының жетекшісі:
- Былтыр бізде жатақханамен қамту БҚО-да төмендеу болған. Себебі 100 пайыз қамту болмады. Биыл енді жаңа жатақхана іске қосылып жатыр 500 студентке арналған. Сол жатақханамен толық қамтамасыз етеді.

Көп ұзамай студенттер жатақханаға көше бастайды. Мониторингтік топ жаңа оқу жылы басталған соң қызмет сапасы қайта тексерілетінін жеткізді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов