Жетісу облысында су тасқынынан зақым келген 89 үй қалыпқа келтіріледі

Абай және Ешкіөлмес ауылында 89 үй бүлінген.

Соның жиырма екісі тұруға жарамсыз. Яғни олар қайта салынады. Қалғаны жөнделеді. Жетісу облысында су басқан Ескелді ауданында бір аптадан аса жұмыс істеген комиссия осындай шешім шығарды.

Табиғи апаттан Дәулет Тайжановтың бау бақшасын түгелдей лай басып қалған. Ала жаздайғы еңбегі еш кеткен шаруаның баспанасы жарамсыз деп танылды. Себебі саман кірпіштен қаланған үйінің қабырғасы үгітіліп жатыр. Бір жыл бұрын көшіп келген зейнеткер енді мемлекет көмегіне үміт артып отыр. 

Дәулет Тайжанов, ауыл тұрғыны:

- Мына үйге үш жақтан кірді су. Әйеліміз екеуіміз ғана болдық Үлгердік қашып, документті алып. Үй берсе екен деп отырмыз. Үй берсе жақсы болар еді. Береміз деп отыр. Бүгін де акиматқа бардым. Среда күні тағы да барамыз.

- Су мына жерге келген, міне қазір өз-өзінен түсіп жатыр.

Айнаш Князеваның да үйі сыз тартып, сылақтары түсіп жатыр. Сондықтан ол бала шағасымен бірге мектептен берілген уақытша орынды паналап жүр. Баспанасына қатысты нақты шешім шықпаған соң бір күдік бір үмітпен күн кешіп келеді.  

Айнаш Князева, ауыл тұрғыны:

- Мынау үшінші затоп дейді. Сол үшінші десек де кап ремонт деп әңгіме айтып тұр дейді. Жаңа районный әкімшілікке барғанбыз. Осы үйді кап ремонт деп жазып қойды. Сносқа келмейді дейді. Жағдаймыз келмейді мына үйде тұра алмаймыз дедік. 

Ауылдық округ әкімінің айтуынша комиссияның қорытындысы бірер күнде белгілі болады. Әзірге 22 үй қайта салынып, 67 сін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. 

Сержан Оңалбаев, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі:

- Төтенше жағдай бойынша зардап шеккен адамдарға облыстың ЧСтен бөлінеді ақша. Ол ақша дайын қорытындыны күтіп отырмыз. Апаттық үйлердің орнына жаңа үйлер беріледі. Заң шеңберінде бәрі. Зардап шеккендердің ремонттары жасалады. 

Нөсер кезінде екі ауылдағы тоғыз көшенің бойымен су ақты.  Себебі тасқын суға тосқауыл болатын канал тайызданып кеткен. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Ешкіөлмес және Кірпіш зауыты ықшам ауданының сыртымен 3 шақырым канал өтеді. Қазір мамандар сол атыздың табанын тереңдетіп, іргесін бекітіп жатыр. Осылайша саладағылар қауіп қатердің алдын алып, арықтың су өткізу мүмкіндігін арттырмақ. 

Сонымен қатар асфальт жолдың 12 километрден астамы орташа жөндеуден өтеді. Көшелердің төрт шақырымына электр бағаналары орнатылып жарықтандырылады. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев