Түркістан облысының шалғай ауылдарына газ жетті

Түркістан облысының шалғай ауылдарына көгілдір отын жетті.

Сауран ауданы Ибата ауылы көгілдір отынға қосылды. Жоба Мемлекет басшысының еліміздің барлық аймағын газдандыру жөніндегі тапсырмасына орай жүзеге асты.

Ибата ауылында 8 мыңнан аса халық тұрады. Ауылға газ келіп, тұрғындардың қуанышы еселеніп жатыр. Себебі енді олар от жағып, күл шығармайды. Күн суықта отын жарып, көмір тасу азабын біржола құтылады. Көптен күткен көгілдір отынның қызығын көретіндерін айтады.

Гүлназы Гүлмадинова, Ибата ауылының тұрғыны:

- Осы үйге түскеніме 18 жыл болды. Көмір тасып, от жағатын едік. Енді бүгін көптен күткен газымыз келді. Отын, тезек тасымаймыз енді. Газ жағып жылынып отырамыз. Таңертең тұрып, атам мен апама шәй бердік. Рахмет, көптен көп.

Карима Ходжаева, Ибата ауылының тұрғыны:

- Ауылымызға көгілдір отын келіп мәз болып жатырмыз. Газды орнатушы балаларға әкелгендеріне рахмет. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, қуанып жатырмыз. 

Нысан құрылысы мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жүргізілген. Мамандар газ экологиялық таза отын болғандықтан ауыл халқының әл-ауқатын көтеруге серпін беретінін айтады. Бүгінгі күні Түркістан облысы 74 пайыз газбен қамтылған. 14 ауданның 13-і газдандырылды. Өткен жылы 42 елді мекен көгілдір отынға қосылды. 

Санжар Жаркешов, "Qazaqgaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:

- Биыл 76 елді мекен жоспарланып отыр. Бұл үлкен қарқын, ауқымды жұмыс. Басқа өңірлерге қарағанды бұл лидер. Бұл облыста халық саны көп. Сондықтан біз мақтан тұтамыз. Өндірістік персаналымыз «ҚазТрансГаз» Аймақ еншілес қомпаниямыз да үлкен жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысымыздың қолдауына алғысымызды білдіреміз. «QAZAQGAZ» компаниясы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін ары қарай нығайта береді. 

Айта кетейік, ұлттық компания бұған дейін Түркістан облысы әкімдігімен бірге Келес ауданындағы Бәйтерек және Жамбыл-2 елді мекендерін көгілдір отынға қосқан болатын. Ал Сауран ауданында 36 елді мекен болса, соның сегізі тауарлық газбен қамтылған.

 Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов