Түркістан облысында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті

«Ұлы Жібек жолы бойындағы тоқыма және зергерлік өнер».

Түркістан облысының Отырар ауданында осындай атаумен қолөнер шеберлерінің халықаралық жәрмеңкесі өтті. Оған Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және еліміздің әр өңірінен келген шеберлердің қолөнер бұйымдары қойылды.

Халықаралық жәрмеңкеге «он саусағынан өнер тамған» шеберлердің бұйымдары қойылды. Таза күмістен жасалған түрлі әшекейлер көздің жауын алады. Темір мен теріден, жүн мен киізден жасалған тұрмыстық заттар көпшіліктің ерекше назарын аударды. Түркиядан келген шебер Салих Гиргич киізден жасалған бұйымдарын таныстырды.

Салих Гиргич, шебер:
- Біздің мәдениетіз бен салт-дәстүріміз ортақ, түбіміз бір. Сондықтан бүгінгі шараға барынша дайындалып келдік. Бізде жүн өңдеу саласы жақсы дамыған. Алып келген заттарымның барлығы қойдың жүнінен жасалған түрлі бас киімдер, күртешелер мен алашалар.

Жәрмеңкеге түркі халықтарынан бөлек, еліміздің әр өңірінен 60-тан астам шебер қатысты. Соның бірі – Атыраулық зергер Қайрат Шапабаев. Ол 10 жылдан бері күмістен түрлі әшекей бұйымдар жасаумен айналысады.

Қайрат Шапабаев, зергер:
- Мына бұйым сәнді түйреуіш деп аталады. Батыс Қазақстан үлгісінде жасалған. Замануи кішкен коловрация деп атайды. Заманауи мен ескі қалыпты сақтап жасалған. Мына алқа жастарға арналған ыстық эмальмен, қазақтың ою-өрнегімен жасалған.

Көрмені тамашалауға келгендер ұнаған затты сатып алып жатты. Әсіресе зергерлік бұйымдар қыз-келікшектерді қатты қызықтырды.

Алтын Оразбекова, Отырар ауданының тұрғыны:
- Мына білезіктер өте тамаша жасалған екен. Әрбір суреттері мен өрнектері бұрынғы заманның көрінісін елестетеді. Сондай тамаша жасалыпты.

Бауырлас түркі халықтарының ынтымағын нығайтып, дәстүрлі өнерін дәріптейтін шара еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі және «Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының қолдауымен өтті.

Талғат Мұқанов, «Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы» қорының жоба менеджері:
- Осы жәрмеңкеде бүкіл түркі тілдес мемлекеттен шеберлер қатысып отыр. Әр шебер өз дәстүріне тән мұраларды әкелген. Барлық осы көрмеге қойылған эскпонаттар түбі түркі тамырынан бастау алады.

Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы:
- Керемет биік деңгейде ұйымдастырылған. Қазақтың барлық салт-дәстүрі көрсетілген. Зергерлік өнерге арналған көрмеде біздің еліміздің шеберлері ең керемет деп есептеймін.

Ұйымдастырушылар қыркүйек айында Нидерланд елінің астанасы Амстердамда осындай көрме өткізуді жоспарлап отыр. Онда Еуропалықтардың назарына қазақ жерінен табылған петроглифтер мен таңбалы тастар көрсетілмек. Ал шеберлер шетелдіктерге шеберлік сағатын өткізеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш