Кеншілер құрметке бөленді

«Алтыналмасқа» 30 жыл!

Геологиялық барлау, кен өндіру және алтын өңдеумен айналысатын компания кеншілер күнінде мерейтойлық белесін қорытындылады. Кәсіби мерекеде «Алтын шебер» байқауының жеңімпаздары марапатталып, үздіктер анықталды.

Ақсу мен Жолымбетте мереке. Кеншілер күнінде тау-кен өнеркәсібінің дамуына қосқан үлесі үшін серіктестіктің 7 қызметкері «Кенші даңқы» төсбелгісімен, 45 жұмысшы алғыс хатпен марапатталып, бірқатары кәсіподақтың наградасын алды.

Зекижан Аппасова, алтын өндіруші кәсіпорынның ардагері:
- Жер астында 40 жыл еңбек еттім. Жолдасым механик қызметін атқарды. Ата-анамыз бен бауырларымыз шахтер болды. Яғни әулетімізбен кеніште жұмыс істедік.  

Компания Қазақстандағы алтын өндірушілердің үздік үштігіне кіреді. Былтыр кәсіпорын 16 мың келіден астам алтын өндірген. «Алтыналмастың» активі Ақмола, Абай, Жамбыл және Қарағанды облыстарында шоғырланған. Кәсіби мерекеде кеншілер арасында «Алтын шебер» байқауы өткізіліп, үздіктер анықталды.

Сергей Тәңірбергенов, «Алтыналмас АК» АҚ алтын өндіруші компаниясының кеншісі:
- Біздің кеніште байқау өтті. Сол жерде бұрғылайтын мамандар мен машинистер сынға түсті. Сұрақтарға мүдірмей жауап бергендер көп. Яғни бізде барлығы өз ісінің шебері.

Компания басшылығы өндірісті жаңғыртумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға, әлеуметтік бағдарламаларға басымдық береді. Мәселен елдімекендердің көшесін, ондағы білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдарын жөндеуге, жабдықтауға қаражат бөлінеді. Халықтың әлеуметтік осал тобын қолдау да назардан тыс қалған емес.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Бақытбек Нұртаев