Көкшетаудағы сарбаздардың менингококк инфекциясын жұқтырғаны расталды

Көкшетауда сырқаттанған сарбаздардың менингокок инфекциясын жұқтырғаны ресми түрде расталды.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Ал кейбіреулерінен энтеровирус анықталды. Қазір инфекция жұқтырған 47 науқас қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Індет ошағына айналған әскери бөлім оқшауланып, шектеу шаралары енгізілді.

Нұрсұлтан Алдабергеннің әскер қатарына алынғанына екі ай ғана өтті. Ол Алматы облысының тумасы. Алғашында аймақтың климатына үйренісе алмай, әскери бөлімше аумағынан ұзап көрмеген. Десе де, инфекциялық ауру жұқтырғаны анықталды.

Нұрсұлтан Алдаберген, сарбаз:

- Ауырғанды сезгеннен кейін әскери частьтағы медициналық пункке бардым. Ауру белгілелерін айттым. Басым ауырып, температура бар дедім. Олар тексерді. Одан кейін осы жаққа қарай жіберді.

Жалпы жауынгерлердің алғашқысы ауруханаға 23 тамызда түскен. Сол уақыттан бері инфекциялық аурухананың қабылдау бөлімі сарбаздан босаған емес. Қазір науқастардың жағдайы тұрақты. Оларға тиісті ем-дом шаралары көрсетіліп жатыр. 

Сәкен Қалымжанов, қалалық көп салалы ауруханасының бас дәрігері:

- Ауруханаға жеткізілген бір сарбаздың жағдайы өте ауыр болды. Ол бірден жан-сақтау бөліміне жатқызылып, ем-дом алды. Қазір жағдайы тұрақты. Палатаға ауыстырдық. Барлық науқастың ауру белгілері бір. Ал аптаның басында жатқызылған науқастар бірер күнде емделіп шығады. 

Әскери бөлімшедегілер осыған дейін де сарбаздарға суық тиіп ауырғанын айтады. Ал жаппай дертке шалдығу дерегі алғаш рет тіркелген. Қазір індет ошағына айналған бөлімше толық оқшауланды. Науқастармен байланыста болған сарбаздар мен әскери қызметшілер тексеріліп жатыр.

Рашид Әбілмәжінов, ҚР Ұлттық ұлан "Орталық" өңірлік қолбасшылығы медицина басқармасының бастығы:

- Қазір сарбаздардың неден сырқаттанғанын анықтау үшін қызметтік тергеу жұмыстары басталды. Өйткені менингококк бактериясы тасымалдаушы болып табылады. Сондықтан сарбаздар ол дертті қайдан жұқтырғаны тексеріліп жатыр. Әскери бөлімшеге дезинфекциялық шаралар толық жүргізіліп жатыр. 

Абзал Балтабаев, тілші:

- Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінде қазіргі уақытта 400-ден астам сарбаз әскери борышын өтеп жатыр. Қазір бұл бөлімшеге бірқатар шектеу шаралары еңгізілді. Яғни сарбаздар қала ішіндегі қоғамдық тәртіпті қадағалауға мүлдем шықпайды. Сондай-ақ бөлімше ішінде де топтасып, жиналуға мүлдем тиым салынған. Ал еңгізілен карантин шаралары алдағы 10 күнге жалғасады. 

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренко