Ақмола облысында 10 адам сібір жарасын жұқтырды

Дене қызуы көтеріліп, үсті-басын жара басқан азаматтар қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.

Науқастардың бірі ауыр халде болса, қалғандарының жағдайы қалыпты. Қатерлі індет Жарқайың ауданындағы Үшқарасу елдімекенінде тіркелді. Белгілі болғанындай, жергілікті серіктестікте отыздан астам ірі қара мал пышаққа ілінген. Соның екеуін қожалық иесі ауыл тұрғындарына таратқан. Салдарынан сібір жарасының белгісі бар 12 адам аурухана төсегіне таңылды. Індет он адамнан зертханалық түрде расталды. Ал олармен байланыста болған 22 тұрғын дәрігерлердің бақылауында. Қазір Үшқарасу ауылына карантинді шектеу шаралары еңгізілді. Ауру малдың еті толық жойылды.

Талғат Жүнісов, ветеринария басқармасының басшысы:
- Бүгін ертеңдері осы елдімекенде карантин шаралары жүргізіледі. Ол жұмыстарды Астанадағы эпидемияға қарсы отряд өткізеді. Олардың жұмысы елдімекендегі ғой. Жылқы, сиырға қайта екпе егеді. Одан қалды қай жерде малдардың өлексесі болды, қай жерде мал сойылды, сол жерлерде дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, залалсыздандырады.