Алматыда донордың бүйрегі науқасқа сәтті ауыстырылды

Алматыда кезекті рет қан тобы сәйкес келмейтін донордың бүйрегі науқасқа сәтті ауыстырылды.

Трансплантация Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталықта жасалды. Бұл осындай 600–ші операция. Дәрігерлердің айтуынша, бүйректі ауыстыру ашық әдіспен жүргізілмейді. Оған лапароскопия тәсілі қолданылады. Сондықтан донор да, науқас та тез сауығып кетеді.  

Реципиент Исмаил 5 жылдан бері бүйрегін емдетіп келді. Жасы 38-де. Диагнозы бүйрек жеткіліксіздігі. Соңғы 8 ай диализге баруға мәжбүр болды. Себебі қос бүйрегі өзінің қызметін дұрыс атқара алмаған. Дәрігерлер трансплантация жасау керектігін айтқан кезде, әкесі бірден донор болуға келіскен. Бірақ екеуінің қан тобы екі бөлек. Дегенмен, Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары қан тобы сәйкес келмейтін донордың бүйрегін науқасқа салуды тәжірибеге енгізген.

Исмаил, реципиент:
- Операция сәтті өтті. Өзімнің де денсаулығым жақсарып келеді. Менің қаным 3-ші, ал әкемдікі 4-ші топ. Сондықтан мені әкемнің қан тобына қарай ыңғайлап дайындады. Шынымды айтсам, осындай операцияны жасауға болатыны өзімді таңғалдырды. Қазір отандық хирургтар осындай жаңа технологияны қолданып, қаншама адамның өмірін сақтап қалып жатыр. Бұл деген керемет емес пе.

Иммунизацияланбаған адамдардың қан плазмасында басқа қан тобының компоненттеріне антиденелер болады. Ал бір ағзада араласса үйлеспей ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Бірақ профессор Болатбек Баймаханов бастаған дәрігерлер тобы қажетсіз антиденелерді шығаратын технологияны қолданады. Яғни плазмаферез. Плазма алмасу оған қоса иммундық жүйеге әсер ететін препарат стандартты әдіс саналады.  

Болатбек Баймаханов, ҚР ДСМ бас хирург-трансплантологі:
- Мұндай операциядан кейін, бірде бір рет лапароскопиямен бастап ашық тәсілге көшкен жоқпыз. Ол дегеніміз операцияның жоғары деңгейде қойылғаны. Ерекшелігі доноры әкесі. 63 жаста. Бізде 68 жастағы донор да бар. Диализде жүрген науқастар нашарлап бара жатқан соң, мәйіттік донорға кезектің жылжымауына байланысты, біз кейбір жағдайларда жасы келген донорларды донор есебінде қабылдаймыз.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бас трансплантологының айтуынша, пиелонефрит, гипертония, қант диабеті сияқты ауруларды бастапқы кезеңде емдеу керек. Әйтпесе бүйрек жеткіліксіздігіне әкелуі әбден мүмкін.

Болатбек Баймаханов, ҚР ДСМ бас хирург-трансплантологі:
- Қазір мәйіттік донор тоқтап тұр десе де болады. Сондықтан, біз тірі донордан бүйрек, бауыр алып, операция жасауға мәжбүр болып жатырмыз және жауапкершілігі жоғары. Сонда да болса біз адамдардың өмірін сақтап қалу үшін осындай операция жасап жатырмыз.

Осымен Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталығы қан тобы сәйкес келмейтін донордың бүйрегін трансплантациялау бойынша 600-ші операцияны сәтті өткізді . Оның барлығы лапароскопиялық әдіспен – біріңғай конверсиясыз жасалды. Ешқандай асқыну болған жоқ. Бұл әлемде үздік тәжірибелердің бірі саналады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов