Қарағандыда 400 адамға арналған жатақхана ашылды

Онда медицина университетінің студенттері тұрады.

Тоғыз қабатты ғимарат халықаралық талаптарға сай соңғы үлгіде салынған. Ішінде жастардың жайлы тұрмысына барлық жағдай жасалған. Жатақхана ішіне интернет желісі тартылған. Түрлі өнер үйірмелері, спорт залдары жұмыс істеп тұр. Барлық қабатқа тұрмыстық техникалар қойылған. Бұл осымен оқу орнындағы 7-ші жатақхана. Биыл медицина университетінің бірінші курсына 2000 түлек қабылданған. Ал жалпы Қарағанды облысында қазір 8 жоғарғы оқу орыны болса, онда 10 мың студентке арналған 29 жатақхана бар.  

Нұрайым Қайратқызы, медицина университетінің студенті:

- Қызылордадан келдім, үшінші курс студентімін. Жалпы медицина факультетінде оқимын. Осы общягаға келдім, себебі мен активистпін, студенттік өзін өзі басқару ұйымынан. Бұл жерде тұрған өте ыңғайлы. Қуаныштымын осында келгеніме.

Қуатбек Төлеубеков, медицина университетінің проректоры:

- Бұл жерде оқу залдары, мультимедиялық бөлмелер бар. Түрлі спорттық секциялар жұмыс істеп тұр. Би үйірмесі ашылған. Шығармашылықпен айналысамын деген студенттер үшін сахна салдық. Демалатын бөлме бар. Одан бөлек тамақ пісіріп, киім-кешегін жуатын арнайы орындар қарастырылған.