Арыс қаласында көшет өcіретін тұқымбақ ашылды

Биыл ерте көктемде 1 гектарға жуық аумаққа жергілікті климатқа бейімделген үйеңкі, шаған және қара ағаштың тұқымы себілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір 80 мың түп көшет жайқалып тұр. Бұл көшеттер Арыс қаласындағы саябақтар мен көше бойына егіледі. Жалпы мұнда күн ыстық болатындықтан, сырттан әкелінген сәнді ағаштар жерсінбей, қурап кетеді. Ал бұл көшеттер Арыс қаласында өсіп тұрған тал-теректің тұқымынан алынған.

Тағы бір айта кетерлігі, тал суаруға кәріз жүйесінен шыққан қалдық су тазартылып, тамшылатып беріледі.

Қазыбек Ақылбай, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшы:

- Қосымша биыл күз айында 2 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Тұқымбақты егудің негізі мақсаты – қаламызды көгалдандыру және кәріз тазалау станциясындағы суларды мақсатты пайдалану. Сол суды осында және жол бойында егілген талдарды суаруға толық пайдаланып отырмыз.