Талдықорғанда ыстық су беруді 3 аптаға тоқтатты

Талдықорғанда көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға ыстық су беруді 3 аптаға тоқтатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары бұрын тамыз айында жүргізілетін. Биыл кештеу басталған.  

6-шы ықшам аудан тұрғыны Меңдігүл Ұябасарова бала күнінен артрозға шалдығып, арбаға таңылған. Мүмкіндігі шектеулі жан өз бетімен жуына алмайды. Қызы көмектесіп отыр. «Беймезгіл уақытта ыстық суды өшіріп тастауы бәрімізге қиын тиіп отыр», - дейді ол.

Меңдігүл Ұябасарова, екінші топтағы мүгедек:

- Жуыну жағы қиын, әрине. Ваннаға да шыға алмаймын өзім. Анау тазикке құйып, соған жуынамын. Ыстық су бергені дұрыс қой. Балалар да бар, оңай емес, расында да. Біздің суымызды тежемеңдерші.

Тұрғындар қала билігінің ерте қимылдамай, оқу жылы басталғанда ыстық суды өшіріп тастағанына наразы. Олардың арасында күнделікті жаттығуға баратын жас спортшылар да бар.  

- Таңертеңгісін тұра салып, қызым басын жуатын. Енді шәугіммен таң атпастан су ысытқанға қиын. Жыл сайын 10 күнге ғана өшіретін. Сабақ кезінде өшіріп тастады. Біз қиналып қалдық балалармен.

- Ыңғайлы емес, әрине. Өйткені жаттығудан шыққан соң душқа түсу керек қой. Ыңғайсыз деп ойлаймын.

Талдықорған қалалық әкімдігіндегілер мен жылуға жауапты коммуналдық кәсіпорын басшылары мұның өзіндік себептері бар екенін айтады.  

Алмас Барлыбеков, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Иә, әрине, біз конкурстық шараларды уақытылы өткіздік. Бірақ осы конкурстық шаралар 2 рет ойнатылмады. Себебі жаңағы кірген мердігер мекемелер бір-біріне арыздануы себебінен осы конкурстық шаралар уақыты тым ұзап кетті. Қосалқы станциялардың жай келуіне байланысты біз осындай ұзақ уақытқа, яғни 22 күнге өшіруге мәжбүр болдық.

Дидар Сапиров, коммуналдық кәсіпорын басшысының орынбасары:

- Екінші мәселе – біздің мәселе. Қазір, мысал үшін, мында 4 мың кВА трансформаторды көріп отырсыздар. Қазір осының демонтажын жасап отырмыз. Мұның орнына қуаты үлкен 6300 кВА трансформатор қойылатын болады. 20-ынан кейін кезең-кезеңімен жаңа ықшам аудандарға, орталық ықшам аудандарға беруге қарастырамыз ол жағдайды.

Талдықорғандағы жылу құбырларының жалпы ұзындығы – 179 шақырым. Қазір оның 62%-інің тозығы жетіп тұр. Биыл небәрі 7 шақырымдай жылу торабы күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. Қала жылдан жылға кеңейіп келе жатқандықтан, Балпық би мен Жансүгіров, Желтоқсан мен Уәлиханов  атындағы көшелерінің бойында ескі тораптарды үлкен диаметрлі құбырларға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев.