Түркістан облысында зейнеткерлер арнайы орталықта тынығады

Түркістан облысында 200 мыңға жуық зейнеткер бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың уақытын тиімді өткізу үшін облыстағы 12 аудан-қалада «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, жұмыс істейді. Солардың бірі – Ордабасы ауданындағы «Шапағат» белсенді ұзақ өмір сүру орталығы. Онда жылына 500 адамға әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Садық Жақшанов – Темірлан ауылының тұрғыны. Жасы 83-те. Қазыналы қария қолы қалт еткенде осында келіп, өзі құралпы зейнеткерлермен шахмат ойнағанды ұнатады. Орталықтың қызметіне дән риза. «Осында келсем, жүзім жадырап, көңілім көтеріледі», - дейді қимылы ширақ қарт.

Садық Жақшанов, Темірлан ауылының тұрғыны:

- Түрлі спорттық құралдармен бізді шынықтырып, денсаулығымыздың жақсы болуына жақсы жәрдем беріп жатыр. Бұдан артық болмайды, балам. Аяғымыз бен белімізге массаж жасайды. Тамақ береді, шай береді. Шаршап қалсақ, таксимен үйімізге апарады.

Хансұлу Мұртазаева, Темрілан ауылының тұрғыны:

- Қан қысымын өлшейді, сосын рұқсатын береді. Не істеу керек екенін. Егер қан қысы жоғары болса, тұз шахтасына рұқсат жоқ. Сосын «космос» дейміз, аяғымызды аспанға көтеріп, тізе буындарын тартады. Бел омыртқаны созады. 1 қазан қарттар күні келе жатыр. Соған дайындалып жатырмыз, концерт қоямыз деп. 

Дәрігерлер тұзды бөлмеде отырып ән айтудың өкпеге пайдалы екенін айтады. Орталықтың қызметіне күніне 50 адам жүгінеді. Отбасында зорлық-зомбылық көрген жандарға психологиялық көмек, мүгедектігі бар балаларға жаттығу түрінде қызмет көрсетіледі. Ал зейнеткерлер үшін массаж, сенсорлық бөлме, сауықтыру, еңбек терапиясы, фитотерапия, акт залы, кітапхана, теннис және бильярд ойын алаңдары жұмыс істейді. 

Мұрат Ізтілеуов, оңалту орталығының директоры:

- Зейнет жасындағы азаматтарымыз үйде жатып демалмай, осы орталыққа келіп, өзі қатарлы азаматтармен қауышып, тұрмыстық, спорттық іс-шаралар өткіземіз. 12 тренажерымыз бар, мамандарымыз білгенін үйретіп, көрсетіп жатыр. 2 психолог маманымыз қажетті қызмет көрсетеді.

Орталықта 13 адам зейнеткерлерге 10-нан аса қызмет түрін көрсетеді. Биылдан бастап мекеменің қызметіне шалғайдағы елді мекен тұрғындары да жүгініп отыр. Жергілікті билік қаржы қарастырып, күніне 20 адамды тасымалдайды. Жақында аудан орталығының тұрғындары үшін 2 инватакси қызметі іске қосылмақ. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.