Көптің көңілін күпті еткен көлікжай

Оралда ата-аналар мектеп маңындағы ескі көлікжайларды сүруді сұрап отыр.

Себебі ол жер балалар үшін қауіпті. Қоқысқа толы аумақта иесіз ит-мысықтар қаптап жүр. Оның үстіне жол бойында жарық желісі жоқ.

Әкімдік өкілдері сол учаскені тынымбаққа айналдыруды жоспарлайды. Бірақ көлікжай иелері бұған келіспейді.

Қаланың орталығында орналасқан ескі көлікжайлардың сиқы мынау. Кірпіштері мүжіліп, шатырлары қираған. Аумақ уақытылы тазартылмайды. Асфальт атымен жоқ. Жауын-шашын болса жер ми батпаққа айналады.

Бұл аумақта бір емес, екі мектеп бар. Көлікжайлар дәл сол білім мекемелерінің іргесінде орналасқан. Қос мектепте 3 мыңдай бала оқыса, соның көбі осы көлікжайлар аумағымен қатынайды. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдап жүр.

Әсіресе күн қысқарып, түн ұзаратын мезгілде қиын. Төңірекке жарық тартылмаған. Соның салдарынан балалар мектептен келгенше ата-аналар уайымға батады.

Зылиха Оразаева, қала тұрғыны:

- Егер мына жерге бізге жарық қойып, аллея салатын болса, біздің балаларымызға қауіпсіз болар еді деген ойдамыз. Алдымызда қыс келе жатыр. Өте қиын балаларымыздың қатынауына. Сол себепті саябақтың болғанын қолдаймыз.

Талғат Дәулетов, мектеп директоры:

- Былтыр, мысалы, сол жерде өрт болды. Дер кезінде өрт қауіпсіздігі қызметі келіп, уақытында сөндіріп үлгерді. Сондай-сондайлардан қорқамыз. Одан бөлек, ол жердің қоқысы да жиналмай жатады.

Ал меншік иелері ескі нысандардың сүрілуіне қарсы. Біразы көлікжайды қойма ретінде пайдаланады. Әкімдіктегілердің айтуынша бұл аумақта 104 нысан бар. 85-інің құжаты түгел. Бюджет есебінен әрбір көлікжай үшін кемінде 1 млн теңгеден астам өтемақы қарастырылып отыр. Дегенмен бұл төлем жеткіліксіз, дейді меншік иелері.

Нағибулла Қисметов, зейнеткер:

- Қазір олар тиын-тебен береді. Ал біз оны қаншаға алып, жекешелендірдік. Жөндедік. Жертөле, ұра қаздық. Өзім көлігімді, оның қосалқы бөлшектерін қоямын. Төбесі қар болса, тазалаймын мен 85 жасқа келсем де. Бізді қозғамағандарың дұрыс...

Мәлік Оспанов, заңгер:

- Ол жердегі көлікжайлардың, шамамен тең жартысы мүгедектер мен зейнеткерлерге тиесілі. Нысандар қараусыз тұрған жоқ. Иелерінің бәрі көлікжайды өз қажетіне пайдаланып отыр. Олардың құқығын қорғау үшін сотқа жүгінеміз.

Орал қаласының бас жоспарына енгізілген өзгеріске сай бұл жерде тынымбақ салынуы қажет. Оның сметалық құжаттары дайын. Алайда дауға айналған жобаның тағдыры соттың шешіміне тіреліп тұр.

Асхат Көлбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Біз бағалау актін әзірледік. Нысанның жай-күйіне қарай 1 млн 200 мың теңгеден бастап 2 млн теңгеге дейін өтемақы төлейміз. Бірақ бұл түпкілікті төлем мөлшері емес. Көлікжай иелері нысан бағасын көтеру бойынша сотқа шағымдана алады. Егер сот олардың шағымын қанағаттандырса, біз өтемақы мөлшерін көбейтеміз.

Шаһардың жалпы аумағы 10700 га болса, соның 7 пайызын көлікжайлар алып жатыр. Яғни 15 шақты кооператив бар. Бас жоспарға сәйкес олар да сүріліп, орнына тынымбақтар мен спорт алаңдары салынады.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов, «Хабар 24», Орал.