Президент шахматшыларды құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан командалық әлем чемпионатында күміс медаль иеленген Қазақстанның әйелдер құрамасын құттықтады.

Бұл – еліміздің шахмат тарихындағы айтулы оқиға. Байрақты бәсекеде қыздарымыз асқан шеберліктің және жеңіске деген шексіз ерік-жігердің озық үлгісін көрсетті. Сіздердің тамаша жетістіктеріңіз шахмат спортын жан-жақты дәріптеп, өскелең ұрпақтың оған деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық. Мемлекет адамның ой-өрісін жетілдіретін бекзат өнерді дамытуға барынша қолдау көрсете береді.  Еліміздегі кәсіби және әуесқой шахматшыларға тек жарқын жеңістер тілеймін! – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Instagram парақшасында.

Айта кету керек, еліміздің бұрымдылары әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында тұңғыш рет күміс медальға ие болып отыр.