ШҚО-да ЖШС үлескерлерден заңсыз қаражат жинаған

Шығыс Қазақстан облысында үлескерлерден заңсыз қаражат жинап, құрылыс бастаған серіктестік иесі ұсталды.

Қылмыстық істі тергеу барысында күдіктілер 2021 жылдан бері тиісті рұқсаты болмастан, пәтерді алдын ала брондауды талап еткені белгілі болды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік азаматтардан жалпы сомасы 606 млн теңге қаражат жинағаны анықталды.

Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Қазіргі уақытта тараптардың қосымша келісімдер жасасу арқылы пәтерлерді алдын ала брондау шарттары тоқтатылды, құрылыс жұмыстары жүзеге асырылмайды. Сот шешімімен ЖШС-нің құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауға лицензияның қолданылуы тоқтатылды. ЖШС жетекшісіне соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда.