Астанада Digital Bridge форумы өтеді

Елорда тағы да IT саласының үздіктерін жинайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазанның 12-13 күндері Астанада V Digital Bridge форумы өтеді. Биыл сарапшылар жасанды интеллектінің адаммен арақатынасы қалай болады, соны сарапқа салмақ. 

Жасанды интеллект адамды алмастыра алмайды. Ал қос әлем арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бола ма? 12-13 қазанда Астанада бас қосатын халықаралық және отандық IT саласының үздіктері мұның қаншалықты мүмкін екенін сарапқа салмақ.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- 5-інші рет өтетін Digital Bridge форумында 350 спикер сөз алады. 300-ден аса IT компания, 100-ден аса инвестор мен бизнес-періштелер, стартап иелері, бас-аяғы 20 мыңнан аса қатысушы IT саласындағы жылдың ең маңызды шарасында бой көрсетуге ниет білдірген. Халықаралық форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады.

Жасанды интеллект адамзатқа қызмет етуі керек. Қазақстандық өнімдер де әлем назарына іліккелі қашан. Ал дәстүрлі Digital Bridge форумы оның аясын кеңейтіп жатыр. Биыл да сала үшін маңызды келісімдерге қол қойылады. Стартап аллеясы пайда болады. Онда 100 қазақстандық және шетелдік технологиялық стартаптар өздерінің инновациялық шешімдерін ұсынбақ. Айтпақшы, биыл Astana Hub Battle – үздік IT стартаптар додасының жүлде қоры 100 мың доллар болды. Бұл былтырғыдан 4 есе көп.

Таңат Өскембаев, Astana Hub басқарушы директоры:

- Осы форумның аясында бізге Америкадан ең танымал венчурлық инвестор Тим Дрепер қатысады. Ол Қазақстанда 4 стартаптың ішінде бір стартапты таңдап алады. Сосын сол стартап финалға қатысып, 1 млн долларға жарысқа қатысады.

Ең бастысы, жобалар әлемнің мен деген инвесторларының көзіне түсе алады. Қазақ стартаптарын қазірдің өзінде мойындап жатқандар бар.

Дәулет Беймурзинов, Astana Hub білім беру бағдарламалар кеңсесінің директоры:

- Digital Bridge алаңында ЖИ саласында үлкен жетістікке жетіп жатқан және ЖИ трендтерін енгізіп жатқан стартаптар да болады. Оның ішінде Cerebra – осы жылы TechRanch рейтингі бойынша әлемнің 100 үздік стартап қатарына кірген стартап. Оған қосымша биометрик, блэк ай, т.б. үлкен стартаптар бұл алаңда жиналатын болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub халықаралық технопаркі ұйымдастыратын дәстүрлі форумның жастар үшін де берері мол. Мысалы, биыл ең үздік робототехника туындылары көпшілік назарына ұсынылады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев, Руслан Әлиев.