Елордада «KITAPTIME – 2023» фестивалі ұйымдастырылды

Жастар арасында кітап оқуды қалай «трендке» айналдыруға болады? Ол үшін не істеу керек?

Бүгін Астанада «KITAPTIME – 2023» фестивалі ұйымдастырылды. Республикалық баспалар ең үздік кітаптарын көпшілікке ұсынды. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетел елшіліктерінің өкілдері, ақын-жазушылар келді. Көрермендер «Photo zone», балалар шығармашылығына арналған алаңда ертегілер қойылымын, «Балапан саз» ән антологиясының таныстырылымын тамашалады.

Одан бөлек, жазушы Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті. Фестиваль «Кітапхана түні» мәдени шарасымен жалғасын таппақ.

Айбала Бекмұханбет, ҚР ҰАК Ғылым, менеджмент және маркетинг қызметінің жетекшісі:

- Фестивальдің аясында оқырмандар мәдени шаралардан бөлек, жалпы біздің баспамызда не бар, өздерінің жеке кітапханаларын толықтыруға біз барлық мүмкіндікті жасадық десек болады. Бұл шараға шетелдік елшілікті тарттыру арқылы шет елдерге өзіміздің әдебиетімізді, мәдениетімізді насихаттауға жол салып отырмыз деп ойлаймын.

Мәриям Жақыпова, қала тұрғыны:

- Немерелеріме осы баспалардан кітап іздеп келеміз. Кез келген кітапты алмаймыз. Жақсы болса аламыз, ішіндегі түсінікті болса суретімен.